Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Елордалық емханалар МӘМС қосуға қаншалықты дайын

2019 жылдың 19 қараша 2019 21:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылуына санаулы ғана күндер қалды. МӘМС жүйесінің енгізілуі медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталғаны туралы айтылып келе жатыр. Оның медициналық ұйымдардың жұмысына қалай әсер ететіндігі туралы Нұр-Сұлтан қалалық №4 емханасының сарапшы дәрігері Нұржан Қапаметов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің емхана МӘМС жүйесін іске қосуға белсенді түрде дайындалуда. Біз көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, «медициналық қызметкер - пациент» байланысын тереңдетіп үйрететін сабақтар өткізудеміз. Медициналық деонтология мәселелерін қарастырудамыз, әр түрлі жағдайлардың алдын алатын тетіктер мен шағымдарды талдадық. Деонтология – бұл медициналық қызметкерлердің тиісті мінез-құлқы туралы ілім. Яғни, дәрігерлер, медбикелер өзін дұрыс ұстауы, пациенттің айығуы үшін жайлы жағдай жасауы. Ол медицина қызметкерлерінің әрекеттерінен көрінеді, соған ден қойып, оқып үйренудеміз», - деді Нұржан Қапсаметов.

Оның айтуынша, емхана дәрігерлері МӘМС жүйесіне мұқият дайындалып жатыр, өйткені егер емдеу сапасының нашарлығына байланысты шағымдар түссе,онда сол медициналық ұйымға айыппұл салынады.

«Егер белгілі бір науқасқа қатысты шағымдар болса, оның емделуіне ақы төленбейді. Медициналық сақтандыруды енгізсе де, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) сақталады, ол МӘМС-пен тең дәрежеде қолданылады. ТМККК-ға барлық әлеуметтік маңызы бар ауру түрлері кіреді. Ол 25 топқа бөлінген. Мысалы, туберкулез, вирустық гепатит, қант диабеті, артериялық гипертензия», - деді сарапшы-дәрігер.

Ол сондай-ақ денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтып өтті.

«Бүгінге дейін пациенттер «Даму Мед» мобильді қосымшасын қолданып жүрді, енді оған «Кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесі» енгізілді. Бұл мобильді қосымша пациенттерге смартфон арқылы кез келген жерге өзіне қолайлы уақытта дәрігер қабылдауына жазылуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек мобильді қосымшада өзіңіздің «жеке кабинетіңізге» кіріп, талдау нәтижелерін қарауға болады. Сондай-ақ «Жеке кабинеттен» картаңызды көріп, ауруыңыз жайлы да біле аласыз. Осылайша, біз қағаз картадан құтыламыз. Бұрынғыдай қағаз картаны тасып жүрудің қажеттілігі жоқ», - деп атап өтті маман.

Оның айтуынша, емхананың тіркеу бөлімінде ХҚКО маманы пациенттерге барлығын түсіндіріп, смартфонға қосымшаны қалай жүктейтінін, ЭЦҚ көмегімен Egov арқылы емханаға қалай тіркелетінін көрсетіп тұрады.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда МӘМС іске қосылатын болады.

Автор Ақбота Күзекбай

Жоғары қарай