Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Елордалық суретші қарбыздан ерекше мүсіндер ойып шықты

2019 жылдың 8 қыркүйек 2019 17:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 30 жастағы елорда тұрғыны Әсет Ақанұлының хоббиі ерекше. Ол бұзылып кеткен қарбыз-қауыннан түрлі мүсіндер ойып жасайды.

«Қарбыздан түрлі мүсіншелер ойып шығару – менің хоббиім, шығармашылығым. Өзім құрылыс саласында еңбек етемін, сондықтан сүйікті ісіммен бос уақытымда ғана айналысамын. Негізінен лақтыруға обал, бұзылып кеткен қарбызбен істеймін. Көбінесе одан жануарлар немесе гүлдер ойып жасаймын», -дейді суретші.





Әсеттің айтуынша, бұрын ол ермексазды қолданатын, ағаштан түрлі мүсіндер жасайтын. Жидектермен жұмысқа жақында ғана кіріссе де, нәтиже жаман емес.

«Мен жұмысты барымды салып жасаймын. Маған өз хоббиім өте ұнайды, сондықтан нәтиже де көрініп отыр», - деп атап өтті мүсінші.

Алайда автордың айтуынша, бұл үлкен еңбекті талап етеді. Өйткені саз, ермексаз, тасқа қарағанда қарбыз бен қауынның жұмсақ қабығымен жұмыс істеу тәртібі де өзгеше.

«Демалыс күндері айналыссам, бір күн уақытым кетеді. Ал аптаның ішінде кіріссем, жұмысқа бір жеті шығындау керек», - дейді суретші.

Ол өз жұмысының технологиясы жайлы айтып берді.

«Алдымен ішіндегі жұмсағын кесіп аламын. Одан тұқымдарын алып тастаймын. Содан соң шырынын сығып алып, жұмысқа кірісемін», - дейді Әсет.

Әсеттің хоббиі болашақта қосымша табыс көзіне айналуы мүмкін. Жуырда ол қауыннан мүсін ойып шығаруға тапсырыс алған екен.





«Бір танысым менің туындыларымды көріп, қауыннан кеме жасап беруімді сұрады. Ақысын төледі. Осылайша ол тұрмысқа шыққан жиеніне әдемі әрі ерекше сыйлық жасады», - деді Ә. Ақанұлы.

Әсет шығармашылығына келгенде алыстағы асуларды бағындырамын деп жоспар құрмайды. Алайда осымен тоқтап қалмайтыны да анық.

«Менен осындай мүсіншелерді алмадан, апельсин, грейпфруттан жасай аласың ба деп жиі сұрайды. Шынымды айтсам, істеп көрмеппін. Бірақ күндердің күнінде оған да міндетті түрде жетемін», - деп қорытындылады автор.





Авторы Азамат Сыздықбаев


Басты сөздер: Өнер, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай