Ауа райы
Нұр-Сұлтан 21 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 378.83
EUR 430.99
RUB 6.04
CNY 55.05

Елорданың дәрігерлеріне сыйақы беріледі

2019 жылдың 27 наурыз 2019 18:50 719

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Автобустардың соқтығысуы кезінде болған ірі жол-көлік апатында біраз адам жарақат алды. Оларға жылдам әрі кәсіби медициналық көмек берген мамандарға сыйақы беріледі. Бұл туралы бүгін қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының экс-басшысы Қамалжан Надыров мәлім етті. Бірнеше сағаттан кейін ол ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Кеше барлық қызметтер бір жұдырық болып жұмылып, кәсіби қызмет көрсете білді. Соның арқасында зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетілді. Сол үшін өз әріптестеріме зор алғысымды айтамын. Олардың барлығы әкімдіктің алғыс хаттарымен марапатталады. Бұдан бөлек, жұмыс орнынан сыйақы беріледі», - деді Қ.Надыров арнайы баспасөз мәслихатында.

Брифингте жедел медициналық жәрдем стансасының бас дәрігері Тимур Мұратов та қатысты. Ол кешегі жол-көлік апаты кезінде медицина қызметкерлерінің қалайша әрекет еткенін әңгімелеп берді.

«Кеше таңғы сағат 9:19-да «103» нөміріне ірі жол-көлік апаты туралы жедел хабар түсті. Біз бірден GPS жүйесі арқылы жақын жүрген көлікті анықтадық. Бірақ оның да жол-көлік апатына ұшырағанын білмедік. Соған қарамастан, жарақат алған бір фельдшеріміз рация арқылы байланысқа шығып, көмек бере алатынын жеткізді. Сосын өтіп бара жатқан бір автобуста тағы бір фельдшеріміз болды. Ол да жетіп келді. Сөйтіп, үшеуі ауыр жарақат алған азаматтарға көмек беруге кірісті. Қанды тоқтатып, есеңгіреп қалғандарға ем-дом салды. Үш минуттан кейін бірінші бригада келіп, ең ауыр жарақат алған адамды ауруханаға жеткізді. Жалпы, кеше 30 минуттың ішінде 22 адам стационарға жеткізілді», - деп атап көрсетті Т.Мұратов.

Бас дәрігердің сөзіне қарағанда, жедел медициналық қызмет өз жұмысын кәсіби тұрғыда жылдам әрі сапалы атқара білді. Бұның барлығы - соңғы реформалардың нәтижесі.

«Мәселен, өткен жылы біздің мамандарымыз алғаш рет Израильдің жедел жәрдемін меңгеріп келді. Ол жақтың қызметі әлем бойынша ең үздік болып саналады. Кеше жол-көлік апатында болған төрт маманымыз Израильде оқып келген. Олар өз дайындығын шебер көрсете білді», - деді Т.Мұратов.

Айта кетейік, бүгінгі жиында 2-ші көпбейінді аурухананың бас дәрігері Иван Ли кешегі жол-көлік апатында зардап шеккендердің жағдайы туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, ауруxанаға жеткізілген бір әйел арқасынан қатты жарақат алды. Оны нейроxирургия орталығына ауыстыруға шешім қабылданды. Қалған адамдарға бірден көмек көрсетілді.

«Жалпы, кеше бес ота жасалды. Бүгінде үш адамның жағдайы ауыр. Бірақ көбісі есін жиды. Жағдайлары тұрақты. Сондықтан олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ деп айта аламыз. Осылайша, травмотология бөлімшесінде 8 адам ем-дом алуда. Таракалды xирургияда екі адам, ал жансақтау бөлімінде үш адам жатыр», - дейді И.Ли. 

Оның сөзіне қарағанда, зардап шеккен бір әйелдің аяғын ампутациялауға тура келді.  Ал Филиппин елінен келген бір әйелдің кеудесіне ота жасалады. 

 

 

Автор: Арман Асқаров
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Оқиға, Медицина,
Жоғары қарай