Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Ералы Тоғжанов Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты шараға қатысты

2019 жылдың 10 қазан 2019 18:29

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында Қазақстан Кәсіподақтары күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Осы шараға еңбек ұжымдары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, әлеуметтік әріптестер, қаланың кәсіподақтар қозғалысының ардагерлері, барлығы үш жүзден аса адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚРКФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шара барысында сөз алған Кәсіподақтар федерациясының төрағасы: «мерекеге ресми мәртебенің берілуі - кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерді шешуде рөлінің жоғары екендігінің айқын дәлелі», - деп атап өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық кәсіподақтарды – тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі дей отырып, олардың маңызды рөлін атап өткен болатын. Елбасының жоғары сенімі - бір жағынан, үлкен жауапкершілік, екінші жағынан, белсенді жұмыс істеуге деген бағыт-бағдар.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында билік пен азаматтық қоғамның өзара байланысын нығайтуға шақырды. Және бұл бізге, кәсіподақтарға, еліміздегі ең ауқымды қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істеуге жаңа қарқын береді», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Кәсіподақтар күні аймақтың үздік кәсіподақтар мүшелері, кәсіподақ белсенділері және әлеуметтік әріптестер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің алғыс хаттарымен марапатталды.

Салтанатты іс-шара соңында ҚРКФ төрағасы «ЯНС-2» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.

Кәсіпорын қоғамдық көлік саласында қызмет көрсетеді және оңтүстік өңірінің нарығында көп жылдан бері жұмыс істейтін беделді кәсіпорындардың бірі болып табылады.

Бейресми форматта ұйымдастырылған жүздесуде ҚРКФ басшысы жұмысшыларды Кәсіподақтар күнімен құттықтай отырып, еңбеккерлердің көкейкесті мәселелерімен танысты. Соның ішінде, ұжымдық шарт, еңбек қауіпсіздігі және бастауыш кәсіподақ ұйымының қызметі талқыланды.

Кездесу барысында кәсіпорынның үздік кәсіподақ мүшелері Кәсіподақтар федерациясы төрағасының Алғыс хатымен және құрмет грамотасымен және «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Жоғары қарай