Ауа райы
Нұр-Сұлтан 21 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 378.83
EUR 430.99
RUB 6.04
CNY 55.05

Ерлан Қошанов қалалық қызметтің жұмысын сынға алды

2019 жылдың 12 наурыз 2019 22:12 722

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының  әкімі бірқатар қалалық әлеуметтік нысандардың басшыларын сынға алды, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Аймақ басшысы жоспарсыз қала ішін аралауға шықты. Оның назарына бірден жолдардың жағдайы, қар тазалау, және жұмыспен қамту мәселелері ілікті.

Ерлан Қошанов көшелерді қардан тазалау жұмыстарына көңілі толмады. Мектептер мен балабақшалар, әлеуметтік нысандар алаңдары тазартылмаған. Жеке аумақтардан да, кеңселер, мейрамханалар, дүкендер мен банктер маңында қар шығарылмаған. 
- Қарды тазалап, шығармай жатқандардан қатаң сұрау керек қой. Полицияны қосып, участкелік инспекторларды шақырып, уақтылы қар шығармағандары үшін айыппұл салу керек емес пе?! Қала әкіміне бір апта уақыт беремін. Бір аптадан кейін мен осы және басқа да бағыттар бойынша тексеріп өтемін. Жеке секторларды да тазалаңдар қардан. Бірде-бір үй су астында қалмау керек, - деді Ерлан Қошанов. 

Бұдан бөлек, аймақ басшысы қалалық жұмыспен қамту орталығы қалай жұмыс істеп жатқанын назарға алды. Сәуірден бастап көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына жаңа есептеу бойынша атаулы тәлеуметтік көмек көрсетіле бастайды. Келушілер күрт көбейеді деп күтілуде. Сондықтан бірінші кезекте, аймақ жетекшісі мамандар азаматтарға жедел қызмет көрсете ала ма, олар үшін барлық жағдай жасалған ба, деген сұрақтарға жауап алып, көз жеткізу үшін арнайы келді. Бұл жерде де олқылықтар бар болып шықты. 

- Алты үстел, жарты сағаттан, егер халық көп келсе қалай үлгермекшісіңдер? Бізде қалада АЭК алуға 9 мың адам үмітті, егер күніне мың адам келсе де сіздер үлгермейсіздер. Қосымша мамандарды жіберіңіздер мында. Бұдан бөлек отыратын орындар да аз. Бар болғаны 12! Мен тағы қайталап айтамын, бізде 9 мың адам! Олар қайда отырады?! Қосымша орындықтар қосыңыздар, барлық жұмыспен қамту орталықтарында электронды кезек орнатыңыздар, жұмыс уақыты көрсетілген тақтайшалар іліңіздер, бұл жерге көпбалалы аналар келеді, балалары үйлерінде олардың. Сағаттап кезек күттірмеу керек оларға, - деп тапсырды облыс әкімі.

Ерлан Қошановтың келесі бағыты Қазыбек би ауданының үйге әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі болды. Онда мүгедектерге, психоневрологиялық ауруы бар адамдарға көмектеседі. Әкім нысанға келетін жолдың тазаланбағанын бірден сынға алды. Мүгедектер кіретін жер тым биік, ал, пандустың үстіне жып-жылтыр мұз қатқан. Ғимараттың іші алакөлеңке, дәліз тар.

- Бұл атаулы әлеуметтік көмекке құжаттар қабылдай бастағанда 334 адам келеді. Олар қай жерде отырып, күтеді. Барлық олқылықты жою үшін үш күн беремін. Баспалдақтардың мұзын тазалаңыздар, жол салып, ішін ретке келтіріңіздер, - деді өңір басшысы. 

Ол бұл жұмыстарды бақылауды өзінің орынбасары Асхат Аймағамбетовке жүктеді.

 

 

Жоғары қарай