Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Ермек Маржықпаев өңірде азық-түліктің бағасын мұқият қадағалауды тапсырды

2020 жылдың 9 сәуір 2020 02:00

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда ет сатып алушылар еттің бір келесінің бағасын 2300 теңгеге көтеріп үлгерген. Қаланың базарларын аралаған аймақ басшысы Ермек Маржықпаев азық-түлік тауарларының бағасын реттеуді қатаң тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Карантиндік режимге байланысты қазіргі уақытта өңірлерден облыс орталығына келіп түсетін еттің көлемі азайып кеткен. Осының салдарынан сатушылар етті жоғары бағамен сата бастаған. Аймақ басшысы мұндай жағдайға жол беруге болмайтынын атап өтті. Ол бекітілген баға шегін қатаң сақтауды талап етті. Қазіргі кезде, сауда орындарына етті үздіксіз жеткізу қайта жолға қойылды.

«Орталық базар» акционерлік қоғамының директоры Дмитрий Игнатьевтің айтуынша, ет өнімдері бойынша мәселе туындаған. Облыс орталығына кіретін жолдардағы блокпосттарда ет тасымалдаушыларға арнайы талаптар қойылды. Қазір бұл мәселе реттеліп, ет тапшылығы жойылды. Ал, бағаға келсек, белгіленген шекті бағаны сақтауға мүмкіндік бар, қымбатшылыққа жол берілмейді.





Облыс әкімі Ермек Маржықпаев комиссияда бекітілген 9 түрлі азық-түліктің әрбіреуінің бағасын мұқият қадағалау және сақтау қажеттігін атап өтті.

«Бүгіннен бастап блокпосттарды ауыл шаруашылығы өнімдері, құрылыс материалдары, өнеркәсіптік шикізат кедергісіз өткізілетін болады. Бұл – бағаның сақталуына кепілдік береді. Мәселен, сүйегі бар 1 келі еттің шекті орташа бағасы аймақ бойынша 1800 теңге тұрады және бұл баға солай сақталады», – деді аймақ басшысы.





Еске сала кетсек, бұдан былай кәсіпкерлердің азық-түлік бағасын көтеруге құқы жоқ. Әр өңірде азық-түлік тауарларының 9 түріне шекті бағалар бекітілді. Осылайша, Ақмола облысында бірінші сортты бидай ұнының бір келісі 148 теңге, бірінші сортты ұннан пісірілген 550 грамдық бөлке наны 88 теңге тұрады. Бір килограмм сиыр еті 1800 теңгеден аспауы керек. Орамдағы макарон өнімерінің бір келісі 215, қарақұмық жармасы мен күріштің бір келісі тиісінше 339 және 307 теңге тұруы тиіс. Бірінші санатқа жататын жұмыртқаның оны 267 теңгеден, ал, күнбағыс майының бір литрі 417 теңгеден, тұздың бір келісі 51 теңгеден аспауы қажет.

Әлеуметтік маңыздағы өнімдердің бөлшекті шекті бағасын көтергендер үшін бірінші ретте 100 айлық есептік көрсеткіш, ал, осы жағдай жыл ішінде екінші рет қайталанса, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл белгіленген. «Covid-19» вирусымен күрес біртұтас шараларды қамтиды. Бұған «Көкшетау минералды сулары» кәсіпорны да өз үлесін қосуда. Өнеркәсіп орны антисептик шығара бастады. Облыс әкімі аймақ тұрғындарының атынан зауыт мамандарының орынды бастамасына алғыс білдірді.

Айта кетейік, тұтастай алғанда еліміз бойынша аймақтарды төтенше жағдай кезінде үздіксіз қамтамасыз ету үшін 32 миллиард теңге қаржы бөлінетін болады. Сондай-ақ, стратегиялық маңызға ие экономика секторларын қажетті тауарлармен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені іске асырылады.


Жоғары қарай