Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Еш жамандық көріп тұрған жоқпын – Абаев оқушылардың еден жууы жайлы

2019 жылдың 12 қыркүйек 2019 21:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оқушыларды еден жууға ешкім күштемейді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың есептеуінше, бұл бұл мәселе барлық тараптың келісімімен болуы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балаларды еңбекке тарту бастамасынан ешқандай жамандық көріп тұрған жоқпын. Әрине, бірқатар маңызды нюанс бар. Біріншіден, бастысы – бұл оқуға кедергі келтірмеуі керек. Бәріміз де балаларда оқу көп екенін, сабақтан кейін үйірмелерге баратынын білеміз. Екіншіден, бұл бастама ерікті болуы тиіс. Бүгін осы еріктілік ұсынылып та отыр. Яғни, мектеп ата-аналармен, балалармен ақылдасып, ортақ шешімге келуі керек. Егер біреу үшін еден жуу қағидат ретінде шегеленіп қалса, егер біреуге қолға шүберек ұстап, еден жуу қорлық ретінде көрінсе – ондай оқушыны ешкім де күштемейді», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, осы бастамаға байланысты тазалық қызметкерлерін жұмыстан шығару жоспарланып отырған жоқ.

«Мектеп жасында кезекшілікке тұрып, тазалық жұмыстарын жүргізгеніміз есімде. Біз масақ теруге шығатынбыз. Оған қоса, оқушылар – бәріміз спортпен де айналысып, үйірмелерге, би кештеріне барып та үлгеретінбіз. Бүгінгі оқушылардың ата-аналарының көпшілігі бұл жолды басып өткен. Қысқаша айтқанда, оқушыларды қажетсіз шараларға шапқылатумен күресуіміз керек. Бірақ, балаларды еңбекке тарту, өз жұмыс орныңда тазалыққа баулу – бұдан мен еш жамандық көріп тұрған жоқпын», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылардың сыныпта еден жууы бастамасына пікір білдірген болатын.


Жоғары қарай