Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Еуро-2020: Қазақстан Сан-Мариноны жеңді

2019 жылдың 17 қараша 2019 01:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы тоғызыншы турда Қазақстан құрамасы сырт алаңда Сан-Мариномен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сан-Марино әлемдегі әлсіз құраманың бірі саналады. Сондықтан қазақстандық футболшылардың жеңіске жету мүмкіндігі жоғары еді. Ойын жанкүйер күткендегідей болды. Айта кетелік, Қазақстан құрамасы I тобында сынға түсіп жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, екі құрама биылғы 11 маусымда елордада бір мәрте кездесіп үлгерді.

Бұл кездесуде қазақстандық футболшылар қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірген болатын.

Қазақстандық футболшылар жылдам гол соғып үлгерді. Бұл голды 6-минутта Бактияр Зайнутдинов орындады. Ал 22-минутта Ғафуржан Сүйімбаев есепті ұлғайта түсті. Бұдан кейін де қазақстандық құрама ойын тізгінін өз қолынан шығарған жоқ. Нәтижесінде бірінші кезең аяқталғанға дейін олар тағы бір мәрте қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Бұл гол шабуылшы Алексей Щеткиннің еншісіне жазылды. Бірінші кезеңде қазақстандық футболшылар алаң иелерін 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Екінші кезеңде де Қазақстан құрамасы ойын тізгінін қолынан шығарған жоқ. Дегенмен алаң иелері көп жағдайда сауатты қорғана білді. Қазақстандық футболшылар алаңның қос қанатынан да шабуыл ұйымдастырды. Есесіне 76-минутта Сан-Марино сапынан Филиппо Берарди қазақстандық қақпадан саңылау тапты. Осылайша олар 2017 жылдың 4 қыркүйегінен кейін гол соғып отыр. Ол жолы сырт алаңда Әзербайжаннан 1:5 есебімен жеңіліп қалды. Жалпы алғанда, сан-маринолық футболшылар әлем және Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында бүгінгі күнге дейін бар-жоғы 18 ғана гол соққан.

Бүгінгі кездесуде Қазақстан құрамасы қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірді.













Сондай-ақ, бүгін I тобында сырт алаңда Шотландияны 2:1, Бельгия Ресейді 4:1 есебімен жеңді. Бұл турдан кейін 27 ұпаймен Бельгия көш бастап тұрса, одан кейінгі орындағы Ресейдің 21 ұпайы бар. Ал Шотландия 12, Кипр мен Қазақстан 10 ұпай еншілесе, Сан-Марино әлі бірде-бір ұпай еншілеген жоқ.




Енді соңғы турда Бельгия мен Кипр, Сан-Марино мен Ресей, Шотландия мен Қазақстан құрамалары кездеседі.

Фото: kff.kz

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай