Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Еуропа лигасы: «Қайрат» үшінші іріктеу сатысына шыға алмады

2019 жылдың 1 тамыз 2019 22:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматының «Қайраты» UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінен әріге аса алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, Израильде өткен алғашқы кездесуде «Хапоэль» (Безр-Шева) 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Сондықтан бүгінгі кездесуде алматылық футболшылар кем дегенде үш доп айырмасымен басым түсуі тиіс болатын.

Кездесуде «Қайрат» алғашқы болып есеп ашқан еді. Ойынның 40-минутында Раде Дугалич «Қайрат» командасын алға шығарды. Бірінші кезең 1:0 есебімен алматылық ұжымның басымдығымен аяқталған еді.

Біздің команда енді бір гол соққанда екі ойындағы нәтиже теңесетін еді. Одан кейін «Қайрат» тағы бір гол соғып жатса, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алатын. Дегенмен ойын барысы қазақстандық жанкүйерлер күткендегідей өрбіген жоқ. Алдымен 53-минутта «Қайрат» ойыншысы Елдос Ахметов қызыл қағаз алып, жасыл алаңнан қуылды. Одан кейін 63-минутта Раде Дугалич автогол соғып, таразы басы теңесті. Бұдан кейін екі команда тарапынан есепті өзгертетін бірнеше қауіпті сәт болған еді. Десе де таблодағы сол есеп өзгерген жоқ. Ал 86-минутта «Қайраттың» қосалқы құрамда отырған қақпашысы Владимир Плотников те төреші шешімімен қызыл қағаз алды.

Осылайша «Қайрат» бүгін қарсыласымен 1:1 есебімен тең түсті. Қос ойынның нәтижесімен «Хапоэль» (Безр-Шева) командасы жарыстың үшінші іріктеу сатысына жолдама алды.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай