Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Фархад Қуанғанов: Астанаға Елбасының есімін беру ел дамуының жаңа деңгейін анықтайды

2019 жылдың 23 наурыз 2019 18:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясының Хатшысы Фархад Қуанғанов елімізде кеңінен талқыланып жатқан Астана қаласының атауын өзгерту мәселесі туралы өз ойын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе - дамудың жаңа деңгейін анықтайтын игі бастама.

«Қазіргі таңда Қазақстан халқы тарихи сәтті бастан өткеруде. Соған сәйкес әр қазақстандық өзінің саяси, азаматтық көзқарасын білдіруі тиіс. Себебі, мұндай жағдай тарихта өте сирек болады», - деген Фархад Қуанғанов осындай жайттың АҚШ, Италия, Ресей сияқты елдердің тарихында болғанына назар аударды.

Сондай-ақ ол Астанаға Елбасының есімін беру ел дамуының жаңа деңгейін анықтайтынын айтты.

«Астанамызға Елбасының, Тұңғыш Президенттің есімін бере отырып, біз алдағы жылдар мен ғасырларға жалғасатын ел дамуының жаңа трендін қалыптастырамыз. Себебі, біз бас қалаға тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, халықтың ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырған, Қазақстанды әлемге абыройлы, сыйлы мемлекет ретінде танытқан, қазақстандықтардың жан-жақты дамуына және қоғамымызда бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруына барлық жағдайды жасаған тұлғаның атын беру арқылы Елбасы саясатын өзіміздің алдағы бағыт-бағдарымыз ретінде айқындап отырмыз», - деді Фархад Қуанғанов.

Одан бөлек, «Nur Otan» партиясының Хатшысы әлемдік деңгейдегі мемлекеттің негізін қалаушы тұлғалар туралы да айтып өтті.

«Осы ретте мен Ататүрк, Ли Куан Ю, Махатхир Мохаммад, Джордж Вашингтон, І Петр сияқты тарихи тұлғаларды еске түсіргім келеді. Өйткені олар өз елдерінің өсіп-өркендеуіне тың серпін берген дамудың эталоны болып саналады. Біздің Елбасымыз да дәл сол биіктегі бірегей тұлға. Сондықтан Астанаға Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасының атын беру бәріміз үшін және болашақ ұрпақ үшін де өте маңызды деп есептеймін. Себебі дәл осы оқиға Қазақстанның ұлылығын көрсетеді», - деді «Nur Otan» партиясының өкілі.

Сонымен қатар ол бұл мәселенің Қазақстанның Ата заңына толығымен сай екенін және оның Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, Үкіметтің, сондай-ақ, Президенттің Конституциямен бекітілген құзіретіне де сәйкес келетінін жеткізді.

Жоғары қарай