Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Футбол: Қазақстан бірінші кезеңде Шотландияға екі гол соқты

2019 жылдың 21 наурыз 2019 21:56

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәл қазір елордада Қазақстанның футбол құрамасы Шотландияны қабылдап жатыр. Бүгін 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңіндегі I тобындағы алғашқы тур ойындары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші кезеңде біздің еліміздің құрамасы сапында Дмитрий Непогодов, Ғафуржан Сүйіммбаев, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Евгений Постников, Ян Вороговский, Исламбек Қуат, Александр Меркель, Юрий Перцух, Бактиёр Зайнутдинов және Роман Муртазаев шықты. Ал Шотландия құрамында Скотт Бейн, Лиам Палмер, Грэм Шинни, Скотт Маккена, Дэвид Бейтс - Каллум Макгрегор, Джон Макгинн, Джеймс Форрест, Стюарт Армстронг, Оливер Берк, Оливер Макберни болды.

Бүгінгі кездесуде қос құрама да бірден шабуылға көңіл бөлді. Әсіресе, Шотландия футболшыларының белсенділігі аңғарылып тұрды. Кейбір сәттерде біздің жігіттер қарымта шабуылға шығып тұрды.

Аталмыш топтағы алғашқы голды біздің футболшы соққанын айта кетелік. Ойынның 6-минутында қазіргі күндері Голландияның «Хераклес» командасында ойнайтын Александр Меркель әріптесі Юрий Перцухқа қолмен қойғандай етіп пас шығарып берді. Оны тиімді пайдалана білген Юрий Перцух қақпа торын бүлк еткізді. Есеп 1:0. Ал 10-минутта біздің жігіттер есепті үстемелей түсті. Бұл сәтте біздің құрама капитаны Исламбек Қуат әріптесі Ян Вороговскийге гол соғуға мүмкіндік жасады. Бұдан кейін Исламбектің алыстан тепкен добын Шотландия қақпашысы Скотт Бейн әрең қайтарды.

Бүгін I тобында тағы екі ойын болады. Атап айтқанда, Кипр мен Сан Марино, Бельгия мен Ресей құрамалары кездеседі. Ойындар елорда уақытымен 00.45-те басталады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Спорт,
Жоғары қарай