Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

Футбол: Қазақстан кубогының алғашқы іріктеу кезеңі аяқталды

2019 жылдың 27 наурыз 2019 20:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогының алғашқы іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Аталмыш ойындар Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы стадиондарда өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың бұл сатысында командалар 19-27 наурыз аралығында өзара сынға түсті. Оған қатысқан 14 клуб төрт топқа бөлінді. Жарыстың аталмыш сатысында бірінші, екінші лига клубтарымен бірге әуесқой командалар қатысты. Әрбір топтан үздік шыққан ұжымдар Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алды. Ширек финал ойындарында олардың қатарына Премьер-лига командалары командалары қосылады.

А тобында «Алтай» (Семей), «Екібастұз» (Екібастұз), «Қызылжар» (Петропавл), «Рузаевка» (Солтүстік Қазақстан облысы), В тобында «Арыс» (Түркістан облысы), СДЮСШОР №8 (Нұр-Сұлтан), «Оңтүстік академиясы» (Шымкент), Дидар Сыдықбектің футбол орталығы (Нұр-Сұлтан) командалары бақ сынады. Ал С тобында «Қыран» (Шымкент), «Игілік» (Жамбыл облысы) және «Ақсу» (Павлодар облысы), Д тобында «Ақжайық» (Орал), «Каспий» (Ақтау) командалары шеберлік байқасты.

Нәтижесінде А тобынан «Алтай», В тобынан «Оңтүстік академиясы» С тобынан «Ақсу», Д тобынан «Каспий» ширек финалға шықты.

Қазақстан кубогы ширек финалының жеребесі 28 наурызда тартылады. Оған Премьер-лигадағы 12 және алғашқы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 4 команда қатысады. Командалар екі себетке бөлінеді. Жарыстың бұл сатысындағы ойындар 10 сәуірде өткізіледі.

Қазақстан кубогы ширек финалының жеребе тарту рәсімі ПФЛК-ТВ жобасы негізінде тікелей көрсетіледі. Ол елорда уақытымен 12.00-де басталады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай