Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Ғаламды зерттеуге арналған обсерватория Байқоңырдан ұшырылады

2019 жылдың 10 шілде 2019 02:47

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - 9 шілдеде «Протон-М» зымырантасығышы «Спектр-РГ» ресейлік обсерваториясымен бірге Байқоңыр ғарыш айлағына жеткізіліп, орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Роскосмостың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, «Спектр-РГ» обсерваториясын ұшыру 21 маусымнан 12 шілдеге қалдырылған болатын. Өйткені, дайындықтың соңғы сатысында бір реттік химиялық ток көздерінің бірінің іске қосу циклограммасынан ақау табылған еді.

Ресейлік БАҚ мәліметінше, зымыранды ұшыруға дайындау кезінде циклограммадағы қателіктен ғарыш аппаратының қыздырғышы уақытынан бұрын қосылып, салдарынан химиялық ток көзі «отырып қалған». Ток көзі бір рет қана пайдалануға жарайтындықтан, оны алмастыру үшін зымыранды монтаждау-сынақ корпусына қайтаруға тура келді. Байқоңыр ғарыш айлағында мамандар обсерваторияның сапарын кейінге қалдыруға себеп болған барлық ақауды жойды. Одан бөлек, циклограмма да түзетілген.

«Протон-М» зымырантасығышы 12 шілде күні, жергілікті уақытпен сағат 17:31-де ұшырылады деп жоспарланып отыр.

«Спектр-Рентген-Гамма» («Спектр-РГ») обсерваториясы - Ресей мен Германия бірігіп іске асырып отырған халықаралық жоба. Оның мақсаты - ғаламды рентген диапазонында зерттеуге арналған орбиталық астрофизикалық обсерватория құру.



Автор: Сара Қабиқызы

Перевод Жанат Қапалбаева
Басты сөздер: Байқоңыр, Ресей, Ғарыш, Ғылым,
Жоғары қарай