Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Ғасыр жасаған қарияға ауылдастары ат мінгізіп, шапан жапты

2019 жылдың 3 тамыз 2019 19:38

ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат – Іргесінде жеті ғасырдан астам уақыт жайқалып киелі ағаш өсіп тұрған Алматы облысы жәркент қаласы маңындағы Әулиеағаш ауылында жүз жасқа келген ақсақал тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір ғасыр жасаған ақсақалдың есімі - Тұрағалды Жақсылықұлы. Жұт жылдары ауылдастарымен бірге шекара асып, ауып кеткен Қытай жерінен тарихи Отанына 1955 жылы оралған. Содан 1983 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанша осы ауылда табан аудармай ғұмыр кешіп, мал баққан. Ауыл шаруашылығында қажырлылықпен еткен жемісті еңбегі үшін осындағы Ленин атындағы совхоздың әкімшілігі тарапынан талай рет моральдық және материалдық ынталандыру сыйлықтарына ие болған. Ата кәсіптің қыр-сырын жетік білетін қайратты қария зейнетке шыққан соң да соңғы жылдарға дейін аттан түспей, балаларының қат-қабат шаруасына бас-көз болып келген.

Тұрағалды ақсақал 2012 жылы өмірден өткен жұбайы Шолпан әжеймен бір шаңырақ астында 67 жыл отасқан. Екеуі 12 ұл-қыз өсіріп, олардан 36 немере, 67 шөбере, 3 шөпшек өрбіткен. Балаларының алдының өзі ақ сақалды, ақ самайлы әже атанып, одан кейінгілері де қоғамымызға лайық азаматтар болып өсіп, өмірден өз орындарын тапқан. Олардың арасында ортаншы ұлдарының бірі Игенбай ұзақ жылдар бойы жергілікті басқару органдарында қажырлы қызмет етіп, ауыл әкімі болды.

Әулиеағаш ауылының жұртшылығы таяуда жүз жасаған Тұрағалды қарияның мерейтойын үлкен қуанышпен атап өтті.

Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі Ермек Еркінұлы Нұрахметов округ тұрғындары атынан ақсақалға арнайы құттықтау тапсырып, шапан жапты. Ауылдастары ат мінгізіп, көптеген сый-сияпат жасады. Той соңында Тұрағалды ақсақал ел-жұрттың амандығын тілеп, ақ батасын берді.

Автор Нұрәділ Бегімбет
Басты сөздер: Оқиға, Алматы облысы,
Жоғары қарай