Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 377.86
EUR 418.74
RUB 6.10
CNY 54.50

Хабар арнасынан мигранттар туралы жаңа тревел-шоу көрсетіледі

2019 жылдың 6 желтоқсан 2019 18:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Хабар» агенттігінің тапсырысымен соңғы жылдарда елімізде белең алған жағдайлардың бірі – жат елдегі еңбекақыға қызығып, жұмыс жетегінде кеткен қара жұмысшы мигранттардың өмірі мен күнкөрісі туралы жаңа жоба түсірілді. Бүгінгі таңда «(НЕ) туристы» / «Турист (ЕМЕС)» деп аталатын жобаның түсірілім жұмыстары жалғасуда. Жоба «Хабар» телеарнасынан 7 желтоқсаннан бастап, әр сенбі, сағат 11.00-де көрермен назарына ұсынылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шетел. Әр шығарылымда өзге мемлекет. Жаңа орта. Мәдениет, салт-дәстүр, тағам, дағды бәрі – бәрі өзгеше. Бұның бәрі қыдырғанға, бір сәт тамашалағанға, тыныққанға жақсысы жақсы ғой. Ал күнкөру,санаға сіңімді, миға қонымды табыскөзіне жету, маңдай термен ақша табу оңай ма? Бұл сауалға жауап алатын «(НЕ) туристы» / «Турист (ЕМЕС)» телевизиялық тревел-шоуын «Хабар» телеарнасынан 7 желтоқсаннан бастап, әр сенбі тамашалаңыздар.

Бағдарламаның қос жүргізушісі бейтаныс елді кезіп жүрген мигранттардың кебін киіп, шалғайдағы шет елдерге тек бір ғана мақсатпен аттанады. Ол – расында, өз еліңді тастап, өзге елге аттанғаннан өмірің жақсы жағына өзгере ме? Шет елдегі табыскөзі расында да жоғары ма? Күнкөріс жағдайы жақсы ма? деген сауалдарға жауап іздеу. Германия, Чехия, Франция, Испания, Турция, Швеция, Нидерланд, Бельгия, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Малайзия сынды бірқатар елдерді кезіп жүретін бағдарлама жүргізушілері – ыдыс жуушы, еден жуушы, жүк тиеуші сынды ауыр, қара жұмыстарға орналасады. Сондай-ақ, бара салысымен тұрақтайтын баспана тауып, мигрант мәселесін шешудің жолын іздейді. Виза жасаудың қыр-сырына, медициналық сақтандыруға тіркелу ережелеріне үңілуге тырысады.

Әр мемлекетке жеткен кезде жүргізушілерге бастапқы күнкөрісіне, тамағына, ары-бері жүруіне ғана ақша беріледі. Ары қарайғы күнкөрісін шынында да өзі табуы - бағдарлама шарты. Сюжет желісі бойынша, жүргізушілер тревел шоудың табан тіреген мемлекетіндегі жүрген жерлестерімізбен кездесуге ұмтылады. Жергілікті халық пен мигранттардың тұрмыс жағдайларына, ол елдегі жылжымайтын мүлік пен Қазақстандағы жылжымайтын мүліктің бағасына, күнделікті күнкөріс пен өмір сүру деңгейіне салыстырып, саралайтын болады.




Сондай-ақ, жоба жүргізушілері жергілікті халықтан жұмысқа тұру тәртібін сұрап, алдынан шыққан кез келген қара жұмысты жат сынбай, орналасуға тырысады. Ал жұмыс күнінің соңында әр сағатына шаққандағы тиісті еңбекақысын алып отырады. Алған ақысын кешкі асына жеткізіп, қалған қаражатына қаланы аралап, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен, әдемі, әсем көріністерімен көрермендерді таныстырып отырады.

Жоғары табыскөзіне жетемін деп барған қос жүргізушілер екі қолға бір күрек болар жұмысқа орналаса алады ма? Шет елде жүріп, жақсы жалақы алу мүмкіндігіне ие бола алады ма?

7 желтоқсаннан бастап, әр сенбі, сағат 11.00-де «Хабар» телеарнасынан қызыққа толы «(НЕ) туристы» / «Турист (ЕМЕС)» телевизиялықтревел-шоуын тамашалаңыздар. Бағдарлама жүргізушілері - Бахтияр Өміров пен Илона Моор.




Басты сөздер: Қоғам, БАҚ,
Жоғары қарай