Ауа райы
Нұр-Сұлтан 7 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Халыққа несие «алып беретін» Қостанай тұрғыны Ақмола облысынан ұсталды

2019 жылдың 22 мамыр 2019 03:09 444

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат тілшісі - Ақмола облысының полицейлері интернет арқылы алаяқтық жасаған Қостанай тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ақмола облысының полиция департаменті азаматтарға «Instagram», «ВКонтакте», «Одноклассники» әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ OLX.kz, kоlesa.kz, krisha.kz, market.kz сияқты онлайн жарнама қабылдайтын платформаларда алаяқтық оқиғасының көбейіп кеткенін ескертуде», - дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Полицейлердің мәліметі бойынша, Көкшетау қаласы тұрғынының арызынан кейін 18 мамыр күні облыс аумағында интернет-алаяқтық жасаған Қостанай облысының тұрғыны ұсталды. 22 жастағы алаяқтың арбауына түскен әйел «Qiwi Кошелек» арқылы 30 мың теңге ақшаны аударып жіберген.

Белгілі болғандай, күдікті OLX.kz сайтына несие тарихы нашар тұлғаларға несие рәсімдеуге көмектесетіні туралы жарнама орналастырып, телефон нөмірін қалдырған. Күдікті өзін несие фирмасының өкілі ретінде таныстырған. Бірақ фирманың атауын көрсетпеген. Зардап шегушімен «WhatsApp» арқылы хат алысып, банктен несие алу үшін қызмет ақысын аудару қажеттігін айтқан.

«Алаяқтық жасаудың жолдары көп. Алаяқтардың көбі психологиялық әдісті жиі қолданады: бір жағынан нарықтағыдан төмен баға ұсынса, екінші жағынан жеделділікті алға тартады. Яғни адамға ойлануға уақыт бермейді. Әлеуметтік желілердегі, танымал сервистегі жарнамаларға көңіл бөліп, алдын ала төлем жасауға келіспеу керек. Ешқашан, ешкімге құжаттардың көшірмесін бермеңіздер. Қаскөйлер оны арамза мақсатта пайдалануы мүмкін»,  - дейді Ақмола облысының ПД КПБ полиция қызметкерлері.

 Айта кету керек, жыл басынан бері Ақмола облысында интернет-алаяқтыққа қатысты 105 оқиға тіркелген.

 

 

Жоғары қарай