Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Хоккей: Оңтүстік Корея құрамасы оңай қарсылас па

2019 жылдың 2 мамыр 2019 17:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден әлем чемпионатының бірінші дивизионының А тобындағы командаларының үшінші ойын күні өтіп жатыр. Аталмыш топта сынға түсетін Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореямен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос құрама да биылғы дүбірлі доданы сәтті бастады. Алғашқы екі кездесуінде жеңіске жетті. Қазақстан хоккейшілері алдымен Словенияны 3:2 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін Литвадан 3:1 есебімен басым түсті.

Ал Оңтүстік Корея әуелі Венгрияны 5:1 есебімен жеңіп, одан кейін Словенияны 5:3 есебімен қапы қалдырды.

Екі құрама әлем чемпионаты алдында Нұр-Сұлтанда 26 сәуір күні жолдастық кездесу өткізді. Бұл ойында Қазақстан хоккейшілері 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетерлігі, екі құрама бүгінге дейін бес мәрте шеберлік байқасқан еді. Алғашқы ойын 1996 жылдың 8 ақпанында өттіп, ол жолы екі құрама қысқы Олимпиадаға іріктеу кезеңінде мұз айдынға шыққан еді. Бұл кездесуде біздің құрама аталмыш қарсыласын 9:1 есебімен ойсырата жеңді.

Одан кейін екі құраманың жолы 2002 жылғы 10 сәуірде әлем чемпионатының бірінші дивизионында түйісіп, бұл жолы да Қазақстан құрамасы 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жарыстың дәл осы сатысында екі құрама 2008 жылдың 14 сәуірінде тағы бір мәрте кездесіп, біздің жігіттер оларды 5:1 есебімен тізе бүктірді.

2013 жылдың 19 сәуірінде қос құрама тағы да аталмыш бәсекеде жолығып, бұл жолы да біздің құрама 4:2 есебімен жеңді. Соңғы кездесу 2017 жылдың 23 сәуірінде Украина астанасы - Киевте өтті. Дегенмен бұл кездесуде біздің хоккейшілер аталмыш қарсыласынан алғаш рет 2:5 есебімен жеңіліп қалды. Сол жылы Оңтүстік Корея өз тарихында тұңғыш рет әлемдегі үздік құрамалар бас қосатын А дивизионында бақ сынауға жолдама алды. Алайда былтыр онда барлық кездесуде қарсыластарына есе жіберіп, биыл қайтадан бірінші дивизионға оралды.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы А дивизионында сегіз мәрте бақ сынаған. Соңғы рет 2016 жылы ойнаған болатын. Оңтүстік Корея бұрынғы жылдарда негізінен төменгі дивизиондарда ойын көрсетіп келді. Соңғы он жылда бірінші дивизионның А және В топтарында бой көрсетіп жүр. Сондай-ақ, олар 2018 жылы қысқы Олимпиаданың финалдық кезеңінде ойнады. Айта кетерлігі, қысқы Олимпиада 2018 жылы Оңтүстік Корея мемлекетінде өткен еді.

Оңтүстік Корея құрамасы сапында шетелдік командаларда сынға түсіп жүрген хоккейшілер жоқ. Олардың барлығы өз елінің біріншілігінде тәжірибе жинақтап жүр. Бұл елде «Анян Халла», «Дэмен Киллер Уэйлс», «Хай1» және «Университет Ёнсе» командалары бар.

Аталмыш құрама алғашқы ресми ойынын 1979 жылы 16 наурызда Испанияға қарсы өткізіп, олардан 1:7 есебімен жеңіліп қалды. Өз тарихында 1993 жылы 19 наурызда Словениядан 0:27 есебімен ойсырай жеңілсе, 1987 жылы 14 наурызда Таиландтан 92:0 есебімен басым түскен.

Бүгінгі Қазақстан және Оңтүстік Корея құрамалары арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 19.30-да басталады. Аталмыш ойын QazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай