Ауа райы
Астана -26 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Ірі қалаларда жеке баспана құрылысына неге жер берілмей отыр

2019 жылдың 17 қазан 2019 14:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ірі қалаларда жеке баспана құрылысы үшін жер берілмеу себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жер кодексіне сәйкес, әр азамат жеке баспана құрылысы үшін жер телімін алуға құқылы. Алайда, инфрақұрылымы (су және электр желілері) әзірленген дайын учаскелердің болмауынан бұл жұмыста қиындықтар туындап отыр. Мысалы Ақтөбеде - 137 мың адам, Таразда - 69,2 мың адам, Көкшетауда - 13,5 мың адам кезекте тұр», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алдын алу департаментінің басшысы Анар Жарова баспасөз мәслихатында.

Республика бойынша жалпы 1,5 млн адам жер кезегінде тұр. Жыл сайын олардың 10 мыңына ғана жер телімі беріледі.

«Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жеке баспана құрылысына жер телімі мүлдем берілмейді, себебі Бас жоспарда азаматтарды жер телімімен қамту қарастылымаған. Сонымен бірге, түрлі сайттарда жеке баспана құрысына сай келетін жер телімін сату туралы хабарламаларды көруге болады. Яғни, олар жер телімін игере алмай, мақсатты түрде пайдалана алмай отыр», - деп атап өтті Анар Жарова.

Одан бөлек, тұрғындардың өтінішін қарау бойынша процедуралық қиындықтар жүйелі түрде анықталып отырған және сыбайлас жемқорлыққа жол берілген.

«Азаматтардың өтініш қарау мерзімі сақталмаған, кей өтініштерді қарау 3 айға созылған. Салдарынан жалпы жер телімін алу процесі орта есеппен 50 жұмыс күнінде жүргізілген. Бұл да тым ұзақ мерзім. Мұндай оқиғалар барлық өңірде кездескен, бір ғана Шымкент қаласында дәл осындай 120 оқиға анықталды», - деді департамент басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Анар Жарова жер қатынастары саласындағы жемқорлық фактілерді баяндады.

Жоғары қарай