Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 414.13
EUR 451.40
RUB 5.80
CNY 58.03

Ішкі істер органдарында жазаға қанша басшы тартылды

2020 жылдың 20 ақпан 2020 19:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылы ішкі істер органдарында сыбайлас жемқорлық деңгейі 34 пайызға азайды. Бұл туралы елордада ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшысы Арман Саданов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі,

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері ішкі істер органдарын модернизациялау жөніндегі жол картасына енгізілген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлық деңгейі 2019 жылы 34 пайызға қысқарды. Сыбайлас жемқорлық қылмысының 68 пайызын Өзіндік қауіпсіздік департаменті күштері анықтады. Жауапқа тартылған қызметкерлердің саны айтарлықтай төмендеді», - деді А. Саданов.

Оның сөзіне қарағанда, ішкі істер органдарының басшылық құрамына қойлатын талаптар күшейтілді.

«2019 жылы бағынышты қызметкерлеріне қатысты төтенше оқиғалар үшін 1 283 басшы тәртіптік түрде жазаланды», - деді департамент басшысы.

А. Садановтың айтуынша, оның ішінде 95-і қызметінен шығарылды, 242-сі атқарған лауазымынан босатылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл пара алған 16 полиция қызметкері ұсталды.

«2020 жылдың басынан бері 16 полиция қызметкері пара алғаны үшін ұсталды. Ұсталғандардың арасында жол-патрульдік полициясының қызметшілері, тергеушілер, сондай-ақ ҚАЖ комитеті құрамындағы мекемелердің өкілдер бар. Статистикалық ақпаратқа қарағанда, әр өңірде бір адамнан анықталды. Биыл Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарында осындай оқиғалар тіркелмеді. Параның ең жоғары сомасы - 100 мың теңге. Ал кеше Петропавлда полицейдің 2 млн теңге сомасында пара алу күдігіне іліккені белгілі болды», - деді Арман Саданов.


Жоғары қарай