Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Junior Eurovision: Қазақстандық әншілер тікелей эфирде Ержанға қолдау көрсетеді

2019 жылдың 15 қараша 2019 15:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 24 қараша күні «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде еліміздің танымал әншілері Junior Eurovision байқауына қатысатын Ержан Максимге қолдау көрсетеді. Бұл туралы «Хабар» агенттігі Басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл байқауға еліміз осымен екінші жыл қатысқалы отыр. Қазақстанның үмітін арқалап бара жатқан Ержан бауырымызға сәттілік тілейміз. Жерлесімізге дауыс беру 22 қараша күні түнгі сағат 00:00-ден басталып, 24 қараша күні кешке өтетін гала-концертке дейін жалғасады. Отандасымызға өз дауысын кез келген адам, кез келген елден бере алады және баршаңыз Ержанды қолдайды деген ойдамыз. Себебі бұл байқау Ержанның ғана емес, ел абыройы. Яғни, Қазақстанды әлемге танытатын халықаралық имидждік шара»,- деді ол.

Оның атап өтуінше, байқаудың ақтық сыны 24 қараша күні Нұр-Сұлтан уақытымен 21:00-де «Хабар» арнасынан көрсетіледі. Ал 20:30-да Ержанның жанкүйерлеріне арналған арнайы шоу ұйымдастырылады.

«Хабар» арнасының тікелей эфирінде еліміздің танымал өнерпаздары, белгілі азаматтары жиналып, Ержанға жанкүйер болуға және қолдауға шақыратын болады. Ержанның әніне келетін болсақ, оның авторы - Хамит Шанғалиев, ал мәтінін жазған - Данияр Алдабергенов пен Тимур Балымбетов. «Арманыңнан қалма» деп аталатын ән, кез келген адамның арманына әрқашан ұмтылу керектігін, арманға жетер жолда түрлі қиындықтар шықса, соны жеңе білу басты қасиет екенін насихаттайтын ән«,- деді Р.Кертаев.

Оның айтуынша, әннің бейнеклипі 1 ай бойы «Хабар» мен оған қарасты телеарналардың эфирінен көрсетіліп жатыр. Junior Eurovision байқауының сайтында да бейнеклип үлкен қаралым жинап жатыр.

«Клипке Еуропа көрермендеріне, әлем көрермендеріне ерекше қызығушылық танытады деген сенімдеміз. Ертең бұйырса Ержан Максимнің шығармашылық ұжымы Польша еліне аттанады. 18 қараша дүйсенбі күні жеребе тастау рәсімі болады. Сол жерде әнші баламыздың қандай нөмірмен өнер көрсететіндігін білетін боламыз. Ержан ел үмітін ақтайды деп сенеміз»,- деді ол.

Бұған дейін қазақстандық жас әнші Ержан Максимның Польшаның Ливице қаласында өтетін Junior Eurovision музыкалық байқауына қалай дайындалып жатқанын хабарлаған едік.

Айта кетейік, 18 қараша күні Junior Eurovision музыкалық байқауының ашылу рәсімі өтіп, жас әншілер жеребе тартады. Сол арқылы Ержанның «Арманыңнан қалма» әнімен сахнаға шығатын реттік нөмірі анықталады.

Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Мәдениет,
Жоғары қарай