Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Қала тұрғындары күнде ауылдан сүт алып тұрады - Атырауда жаңа жоба ұсынылды

2019 жылдың 20 қыркүйек 2019 14:15

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» Қазақстанда «Балкондағы сиыр» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Мұндай ұсынысты аталған коалиция басқармасының төрайымы Салтанат Рақымбекова Атырау облысында өтіп жатқан Ауыл әйелдерінің форумында жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С. Рақымбекованың аталған форумдағы баяндамасын коалицияның баспасөз хатшысы Меруерт Абдалиева Facebook-тегі парақшасына орналастырған.

«Коалиция «Балкондағы сиыр» жобасын ұсынады. Алғаш рет «Балкондағы сиыр» жобасын Оңтүстік Оралдан (Ресей) фермер Александр Гладилов ойлап тауып енгізген. Бизнес-жоба Магнитогорск қаласында іске қосылды. Ерекше атауына қарамастан сиыр «пәтерде» емес, фермада тұрады. Жануарларға тәжірибелі сауыншылар күтім жасайды. Ал сиырдың иесі қалалық азамат күнделікті ауылдан сүт алып тұрады», - деді Рақымбекова өз баяндамасында.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда бұл жоба туралы алғаш рет Ақмола облысындағы фермерлік шаруашылық басшысы, «Coco-Cola белестері» әлеуметтік жобасының жеңімпазы Гүлмайра Баймақова бастама көтерген. Гүлмайра Баймақова бұл жобаны Ақкөл ауданында ұйымдастырып, оған Степногорск қаласы мен өзінің фермерлік шаруашылығын қосқан.

«Бүгінгі күні біз Нұр-Сұлтан қаласында тұратын көпбалалы аналар жетекшісі Светлана Трубицинамен бірге «Балкондағы сиыр» жобасының екінші моделін жасадық. Біз Аршалы ауданында жобаны Нұр-Сұлтан және Арнасай ЖҚШ тұрғындарын жобаға біріктіре отырып іске асыруды ұсынамыз. Жобаның мәні: көпбалалы аналар сиырларды сатып алып, оларды ауыл шаруашылығы кооперативіне немесе шаруа қожалықтарына жалға береді. Жалдау ақысы ретінде күніне табиғи сүттің үш литрі немесе қаймақ, сүзбе, май немесе ет түріндегі құндық баламасы ұсынылады. Және де бұл жеті жыл бойы жүргізіледі. Жоба экономикасы: малдың құны 250-300 мың теңге. Күн сайын 12 литр, оның 3 литрі сиыр иесіне түседі. Репродуктивті жануардың орташа жасы шамамен 7 жылды құрайды. Салым бірінші жыл ішінде өтеледі. Өйткені инвесторға дүкендерден сүт, қаймақ, май және басқа да өнімдерді сатып алудың қажеті жоқ», - деді Салтанат Рақымбекова.


Жоғары қарай