Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 412.10
EUR 454.34
RUB 5.82
CNY 57.62

Қарағанды емханаларында оңалту емі жүргізіле бастады

2020 жылдың 20 ақпан 2020 22:41

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды емханаларында оңалтудың 3-ші кезеңінен өтуге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отбасылық амбулаториялардағы медициналық көмектің бұл түрі медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында пайда болды. Ол емдеу нәтижесін бекіту, ағзаны қалпына келтіру, созылмалы және туа біткен аурулар жағдайын жақсарту үшін қажет.

Оңалтудың 3-ші кезеңі аурудың соңғы кезеңінде жүргізіледі. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенге дейін пациенттер оңалтудың екі кезеңінен өте алатын: біріншісі – стационарда, екіншісі-мамандандырылған орталықтарда. Дәрігерлер үшінші кезеңнің қажет екенін айтады, себебі көбінесе үйде емделушілер өздерін әрі қарай қалпына келтіру үшін дәрігерлердің нұсқаулығын орындамайды.

Қарағандының № 1 қалалық көпсалалы ауруханасының емханасында балалар мен ересектер үшін оңалтудың 3- кезеңін енгізу 2019 жылдың қарашасында басталды. Ол үшін еңбек-денешынықтыру залы, массаж және физиопроцедуралар залы жабдықталды. Қазір штатта 2 реабилитолог, ЕДШ жаттықтырушысы және 2 массаж жасаушы бар.

«Біздің оңалту қызметіміз сапалы қызмет көрсету үшін заманға сай алға жылжығанын қалаймыз. Енді емханада оңалтудан өтуге болады - бұл өте ыңғайлы. Екінші кезеңді науқас орталықтарда, ал үшінші кезеңді тұрғылықты жері бойынша емханада өтеді. Оңалту қызметі үлкен сұранысқа ие, әсіресе мектептегі демалыс кездерінде», - дейді Қарағанды қаласы №1 көпбейінді ауруханасының реабилитолог-дәрігері Индира Жұмабекова.

Үш ай ішінде сколиоз, энцефалопатия, БЦП диагноздары және жарақаты бар көпбейінді аурухананың емханасына тіркелген 40-қа жуық бала физиопроцедуралар, емдік дене шынықтыру курсынан өтті. Жасөспірім-емделушілерінің жартысынан көбінде сколиозды диагностикалаудан кейін оларды хирург оңалтуға жібереді. Әрбір оңалту курсы 10 күнге созылады және жылына екі рет ұсынылады.

Қарағанды тұрғыны Гүлшат Тұрсынбекованың қызына 2016 жылы ота жасалған. Қыздың туа біткен жамбас шығуы диагнозы бар. Содан бері жылына екі рет бала оңалтудан өтуі керек. Қажетті процедураларды алу үшін анасы қызын Майқұдықтан Михайловка шипажайына апарып отырған. Соңғы курсты өтерде ешқайда барудың қажеті болмады. Пациент барлық қажетті қызметтерін №1 көпбейінді ауруханада алды.

«Бұрын біздің емханада тек физиоемдеуден өтуге болатын. Қазір емдік дене шынықтыру биоптрон да (жарық терапия), массаж да бар. Бізге хирург-ортопед жолдама берді, келесі күні емшараға келдік», - дейді Гүлшат Тұрсынбекова.

№1 көпсалалы ауруханада оңалту бөлімшесін жабдықтау жалғасуда. Жақын арада велотренажер мен буындарды біртіндеп дамытуға арналған артромот-тренажерлар орнатылады деп күтілуде. Сондай-ақ, Рефлексотерапия кабинетінің ашылуы жоспарда бар.


Жоғары қарай