Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Қарағанды облысында бірқатар автожол жаңартылуда

2019 жылдың 25 маусым 2019 12:16

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында республикалық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жөндеу жұмыстары 2013 жылы басталған. Сол кезде елордадан Қарағанды, одан кейін Балқаш және Алматыға дейінгі жолдарды күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданды. Жолдардың жалпы ұзындығы - 662 шақырым.

Қазір Қарағанды-Теміртау тас жолының 15 шақырымын жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнда негізгі жұмыстармен қатар, бетон төсеміндегі ақаулар жойылуда.

Қарағанды маңында салынып жатқан айналма жолда қазір 600 бірлік техника мен мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта олар қиыршық тас-мастикалық асфальт-бетонның жоғарғы қабатын төсеп, көлік айрықтарын салуда. Аталмыш жол бойында қозғалысты осы жылдың соңына дейін ашу жоспарлануда.

Биылғы жылдың сәуір айында Қарағанды-Балқаш тас жолында жөндеу жұмыстары басталды. 2022 жылы бұл бөліктегі жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда. Балқаш қаласынан Алматыға қарай ұзындығы 143 км трасса учаскесінде жұмыстардың белсенді кезеңі келесі айда басталады.

Жергілікті маңызы бар автожолдарға келетін болсақ, ұзындығы 17 шақырымды құрайтын «Новодолинка-Шахан-Молодецкое» трассасын қайта жаңарту жалғасуда.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «Қарағанды-Саран-Шахтинск» автожолында ұзындығы 19 шақырым күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Сонымен қатар, Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде және өңірішілік мобильділікті жақсарту үшін облыстағы 60-тан астам елді мекенді қамтитын жергілікті маңызы бар автожолдардың 19 учаскесінде орташа жөндеу көзделген.

Аталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру маңызды әлеуметтік және экономикалық мәнге ие. Бұл нысандарда 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. 500-ден астам бірлік машиналар мен арнайы техника жұмылдырылды.

Жоғары қарай