Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Қарағанды облысының ауылдары жоғары жылдамдықты интернетке қосылуда

2019 жылдың 30 қыркүйек 2019 21:46

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету міндеті шешілуде. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы жүзеге асырылуда. Оптикалық байланыс желілері шалғай ауылдарға тартылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рустам Байжановтың сөзінше, жоба облыстың 52 елді мекенін қамтиды.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін 32 ауылдың тұрғындары кең жолақты интернетке қол жеткізеді. 2020 жылы жобаны іске асыру жалғасады.

Сондай-ақ ол жоғары жылдамдықты сымсыз интернетпен қамтамасыз ету жөнінде айтып берді.

«Ағымдағы жылдан бастап 2021 жылдың соңына дейін облыстың 146 елді мекені мобильдік байланыспен және төртінші буындағы LTE (4G) интернетпен қамтамасыз етіледі. Бұл біздің облыстың 123 мың тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді», - деді ол.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі халықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ететін жобаның келесі кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр.

Бүгінде облыстың барлық білім беру мекемелеріне кең жолақты интернет қосылған. Денсаулық сақтау саласында да мәселе шешілу үстінде.

«Бүгінгі таңда Қарағанды облысы халқының 98% кең жолақты жоғары жылдамдықты интернетке қосылған денсаулық сақтау объектілеріне тіркелген. Бұл саланы 100 пайызға қамтамасыз ету үшін жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы шеңберінде ауылдардағы денсаулық нысандары спутниктік интернетке қосылады. Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық денсаулық сақтау нысандары сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі», - деп түсіндірді Рустам Байжанов.

Жоғары қарай