Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 376.16
EUR 406.18
RUB 5.90
CNY 53.60

Қарағанды полицейлері пышақ ұстап жүрген екі жігітті ұстады

2020 жылдың 24 қаңтар 2020 21:33

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда көпқабатты үйлердің бірінде тұрғындар бейнебақылау камерасы арқылы ауланы аралап жүрген екі күдікті жігітті байқаған. Олар қолдарында пышақ тәріздес зат ұстап жүргендіктен, тұрғындар полицияға шағымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер осы кезде олар үйдің тұрғындарына тап болса, сол пышақты сұғып алар ма еді?», - деп Қарағанды қаласының танымал блогерлерінің бірі Инстарграмдағы парақшасында жазылушының сөзінен үзінді келтіреді.




Шахтерлер көшесіндегі үйдің тұрғындары өз қауіпсіздігіне қатты алаңдаулы. Олардың айтуынша, екі жас жігіт ұзақ уақыт бойы аулада және кіреберістерді аралап жүрген. Бірінші қабатта орнатылған бейнебақылау камерасынан алынған суреттерден олардың қолдарында пышаққа ұқсайтын зат бар екені көрініп тұр.

Үй тұрғындары тарапынан шақыру келген бетте, полиция қызметкерлері екі жігіттің аты-жөнін анықтап, оларды ұстаған.

«Бұл адамдар заңға қайшы әрекет жасап жатқан кезін тұрғындар ұялы телефонға түсіріп алған. Қарағанды қаласы ІІБ ЖБО бейнебақылау камераларының көмегімен Оңтүстік-Шығыс ПБ қызметкерлері жоғарыда көрсетілген тұлғаларды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Олар сол үйдің кіреберісінен велосипед ұрлағанын мойындады. Айғақты зат тәркіленді. Бұл дерек СДТБТ-да ҚК 188-бабының 1-бөлігі бойынша тіркелген», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.


Жоғары қарай