Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Қарағандыда ғарышта болып қайтқан тұқымдардан өсімдіктер өсіріледі

2019 жылдың 20 наурыз 2019 22:15

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда жақын арада пайда болатын ғарышкелер саябағы және Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ бас корпусының аумағында ғарышта болып қайтқан тұқымнан долана өсіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұқымдар 2018 жылдың 2 сәуірінде Жерден ұшып кеткен SpaceX Dragon кемесінің бортында болды. 2018 жылдың 4 сәуірінде оларды Халықаралық ғарыш стансасына жеткізді. Сонан соң 5 мамырда қайта жерге оралды. Тұқымдар жиырма миллион шақырымнан астам сапар шегіп қайтты, менде оны үш тілде растайтын хат бар. Мен осы тұқымдарды осында жеткізгенімізге өте қуаныштымын. Сәл кешіксек те, Қарағандыдағы егу науқанына орай үлгердік», - дейді аэроғарыштық инженер, Ресейдегі NASA өкілі Чед Роу.

Ағаштардың өсуін ҚарМУ студенттері мен оқытушылары бақылайтын болады. Мамандар тағы бір тұқым партиясын іріктеп, сақтап қалды. Оларды ғарыштық сәулеленудің әсерін салыстыру және зерттеу үшін ғарышта болған өсімдіктердің жанында отырғызады.

«1975 жылы «Союз-19» және «Аполлон» ғарыш кемелерінің сынақтық ұшуы кезінде астронавтар канадалық шыршалардың тұқымдарымен өзара алмасқан болатын. Содан кейін бұл өсімдіктер Мәскеу мен Новосібірде отырғызылды. Зерттеу көрсеткендей, алғашқы он жылда тұқымдары ғарышта болған ағаштар 40%-ға өсіп, жеміс береді. Өкінішке орай, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл зерттеулер тоқтатылды», - деді Қарағанды қаласы әкімінің кеңесшісі және тұқымдарды ғарышқа жіберу идеясының бастамашысы Руслан Телегин.

ҚарМУ қызметкерлері NASA-мен ынтымақтастықты жалғастыру және өсімдіктерге ғарыштық сәулеленудің әсерін егжей-тегжейлі зерттеуді әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр.

Жоғары қарай