Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Қарағандыда мас жүргізуші тұрғын үй ауласында тұрған 5 көлікті зақымдады

2019 жылдың 21 қазан 2019 11:06

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда Lexus-570 көлігін тізгіндеген мас жүргізуші ауладағы тұрақта тұрған көліктерге соғылып, өзі рөлде ұйықтап қалған. Оқиға салдарынан 5 автокөлік зақымданып, екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылдың 20 қазанында сағат 20:57 шамасында 102 телефонына «Степной-4» шағын ауданындағы аулалардың бірінде «Ленд крузер» автокөлігін мінген жүргізуші тұрақта тұрған автокөліктермен соқтығысып, ұйықтап жатқандығы туралы хабар келіп түсті. Бұл оқиға Қарағандының Instagram желісіндегі танымал пабликтерінің бірінің парақшасында жарияланды.

Оқиға орнына жедел басқару орталығының қызметкерлері патрульдік полиция полкінің және Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің жедел-тергеу тобының жақын маңдағы нарядтары жіберілген. Тәртіп сақшылары анықталғандай, 49 жастағы «Лексус 570» автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде үйдің ауласында тұрған 5 автокөлікпен соқтығысқан.

ЖКО салдарынан 25 жастағы ер адам мен 29 жастағы әйел медициналық мекемеге жатқызылды.

«Степной-4» шағын ауданында жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам зардап шегіп, бас ми жарақатын алды. Зардап шеккен екі науқас та Х. Ж. Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді. 25 жастағы ер адамның жағдайы орташа-ауыр, оған нейрохирургтер кеңес беруде. 29 жастағы әйелдің жағдайы ауыр. Ауруханаға комада жеткізілді, қазір жан сақтау бөлімінде жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізілуде.

Жоғары қарай