Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Қарағандыда Наурыз мейрамында қайырымдылық қоры көпбалалы анаға пәтер сыйлады

2019 жылдың 22 наурыз 2019 17:00 764

 ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының барлық аудандарында Наурыз мейрамына арналған халықтық серуен өтіп жатыр. Мерекелік концерт кезінде «Харекет» қайырымдылық қоры көпбалалы отбасына пәтер кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Харекет» қайырымдылық қорының жұмыс істеп келе жатқанына небәрі бір жыл болды. Бірақ осы уақыт аралығында 82 отбасын баспанамен қамтамасыз ете алдық. Бүгін де, мереке күні Қарағандыдан шыққан көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстаймыз», - дейді Қарағанды облысы бойынша қайырымдылық қорының өкілі Ақтоты Жүнісова.

Оның айтуынша, алты баланың анасы Ардақтың оларға құжаттарын тапсырғанына бір апта ғана уақыт өткен, ал бүгін Майқұдық ықшам ауданында екі бөлмелі пәтердің кілтін алды.

«Үлкен рахмет, мен барлығына және «Харекет» қорына өте ризамын. Мен жесірмін, жалғыз өзім алты баланы асырап отырмын. Үлкен ұлым 21, ал кіші қызым 9 жаста. Бес жыл бұрын Қарағандыға көшіп келдік, осы уақыт ішінде біз пәтер жалдап тұрдық, өте қиын болды. Бірақ бүгін, Наурыз мейрамында маған тосынсый жасады, пәтер кілттерін табыс етті, мен өте қуаныштымын. Айта кететін жайт, қазір Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша мен сияқты көпбалалы аналарға барлық қажетті көмек көрсетіле бастады. Бұл үшін Елбасына, жергілікті билікке және осындай қайырымдылық қорларына алғысымды білдіремін», - деді көпбалалы ана Ардақ Жұмабекова.

Орталық саябақта Наурыз мерекесіне қарай 30 экспозициялық киіз үй мен 20-ға жуық сауда орны орнатылды. Мұнда «шеберлер қаласы» мен алтыбақан орын тепкен.

Облыстық өлкетану мұражайы екі киіз үйді ұсынды. Онда Ұлы даланың жеті қырын бейнелейтін дәстүрлі қазақ қолөнері мен жәдігерлерін көруге болады.

Саябақта мерекелік іс-шаралар мен концерт жалғасуда. Сахнада халық ұжымдары мен Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері өнер көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыда Наурыз мейрамын тойлау бір күнмен шектелмейді. 25 наурызға дейін қалада ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрмелері, сұлулық байқаулары, ұлттық тағамдарды дайындау бойынша отбасылық сайыстар өтеді.

Аула клубтарында ашық алаңдарда мерекелік концерттер мен ұлттық спорттық сайыстар ұйымдастырылды.

 

 

 

Жоғары қарай