Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Қарағандыда прокурор 3 жасар баланы өлтірген күдіктіні өмір бойына соттауды сұрады

2020 жылдың 20 қаңтар 2020 23:00

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Мемлекеттік айыптаушы 3 жасар баланы аяусыз өлтірген Игентай Сопыжановты өмір бойы бас бостандығынан айырды сұрады. Қаза тапқан сәбидің анасы прокурормен келісіп, дәлелдемелерді әділ қарау жөнінде алқабиге өтініш білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қарағандыда 3 жасар баланың өлімі туралы іс бойынша тараптар жарыссөзі өтті. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Игентай Сопыжанов сәбиді өлтіргенде аса қатыгездік білдірген. Прокурор сотталушыны өмір бойы бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң қауіпсіздік режиміндегі колонияда өтеуі керектігін алға тартты.

Баланың анасы, Ника Васильева алқабилерден дәлелдемелерді әділ қарап, қатаң үкім шығаруды сұрады.

«Ол түрмеде отыруы керек. Ол кінәсін мойындап, кешірім сұрағанына қарамастан, менің ойымша, еш өкінбеді. Мен оның ешбір сөзіне сенбеймін. Менің баламды өлтірді. Оның өкінуі мен кешірім сөздері шынайы емес, ол сөздері маған баламды қайтармайды», - деді Ника Васильева.

Естеріңізге сала кетейік, сотталушы Игентай Сопыжановқа Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған: алып қашу, адамды тұтқынға алу және жас баланы өлтіру.

Бұл істі алқабилер соты қарайды. Сотталушы мұндай сот форматын өзі таңдаған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 8 қыркүйегінде таңертең үш жасар Максим Гарифулиннің денесі Қарағанды облысы Шет ауданы Бұрма ауылының шетінен табылды.

Баланы ұрлаған және өлтірді деген күдік сәбидің анасының танысы Игентай Сопыжановқа түсті. 3 жасар баланың мәйіті анықталғаннан кейін қылмыскерге ел аумағында іздеу жарияланды.

Қыркүйектің 8-нен 9-на қараған түні Қарағандыдағы теміржол вокзалында баланы өлтірген күдікті ұсталды.

Осы іс бойынша үкім 21 қаңтарда жарияланады.

Жоғары қарай