Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Қарағандыдағы Халықаралық робототехника фестиваліне 6 жасқа дейінгі балалар қатысады

2019 жылдың 27 наурыз 2019 22:52

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 29-30 наурыз күндері Қарағандыда Робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар бойынша халықаралық фестиваль өтеді. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

Фестивальді Қарағанды облысының Білім басқармасы Халықаралық спорттық және білім робототехникасы қауымдастығының, Kazdidac қауымдастығының, демеушілер мен серіктестердің қолдауымен ұйымдастыруда.

2018 жылы өткен фестивальде қатысушылар мен санаттар жөнінен рекордты көрсеткіштерге қол жеткізілген болатын. Биыл RoboLand форматын өзгертіп отыр. Мерейтойлық, бесінші фестиваль «Энергия. Жаңа мазмұн. Барлығы - бес!» шығармашылық ұранымен өтеді.

Жарыс 13 санат бойынша ұйымдастырылады.

«Фестивальге дейін іріктеу кезеңдері өткізілді. Тек Қарағанды облысында ғана қалалық және аудандық жарыстарға 1 мыңға жуық бала мен жасөспірімдер қатысты. Жеңімпаздар RoboLand-қа жолдама алды», - делінген хабарламада.

Атап өтілгендей, RoboLand V фестиваліне 300-ге жуық команда тіркелді. Бұл 600-ден астам адам. Қатысушылар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен республиканың барлық облыстарынан, сондай-ақ Ресейдің төрт өңірінен: Томск облысы, Челябинск, Новокузнецк (Кемерово облысы), Тольятти (Самара облысы), Өзбекстан (Ташкент қаласы) мен Италиядан (Sicily, Pachino) келеді.

Сондай-ақ шара барысында RoboLand-Friendship бірегей категориясының тұсаукесерін өткізу жоспарланған. Фестиваль үшін оны қарағандылық мамандар әзірлеген. Жарыс Достық қағидатына негізделген. Бұл категорияны италиялық команда таңдады.

Тағы бір жаңа санат - АГРО CITY FARMING. Фестивальде алғаш рет биоинженерия саласындағы жобалар байқауы өтеді.

Бұдан бөлек, биыл мектеп жасына дейінгі балалар саны артып отыр.

STEM ROBOT MOUSE санатында 4-6 жастағы балалар кіретін 18 команда жарысады.

Жарыстың бас төрешісі - Халықаралық спорттық және білім беру робототехникасы қауымдастығының президенті Максим Васильев (Мәскеу қ.).

Төрелікті тәуелсіз кәсіби алқа жүзеге асырады. Қорытынды электронды тәсілмен шығарылады.

RoboLand фестивалі Қарағандыда 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. 2016 жылдан бастап ол халықаралық мәртебеге ие болды. Осы жылдар ішінде Қарағандыда фестивальге Ресей, Қырғызстан, Сирия, Польша командалары қатысты.

Жоғары қарай