Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Қарағандылық дәрігерлер мүгедектерді үйіне барып тексереді

2019 жылдың 18 қазан 2019 14:28

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Мүмкіндігі шектеулі адамдар енді үйде профилактикалық тексеруден өте алады. Бұл қызмет міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің арқасында мүмкін болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында медициналық сақтандыру жүйесін енгізгеннен кейін скринингтен өткен тұрғындар саны артты. Бұл жайт №1 Қарағанды көпсалалы ауруханасының мысалында байқалып отыр. Медициналық мекемеге 77 мыңнан астам адам тіркелген. Тек соңғы екі апта ішінде аурухананың 632 емделушісі адын ала тексеруден өтті, оның ішінде 110 пациентті медицина қызметкерлері үйіне барып тексерген. Бұрын скринингтен өту үшін мүмкіндігі шектеулі емделушілер клиникаға келуге тиіс болатын. Олар дәрігерді үйіне тек ауыр дертке шалдыққанда және ерекше нұсқаулық болса ғана шақыра алатын.

Енді Қарағанды облысының емханаларына алдын алу тексеруден өткізу үшін жеке сома бөлініп отыр. Ал қыркүйектен бастап МӘМС жүйесі енгізілгелі бұл сома 1.8 млрд теңгеден асты. Бұрын скринингке қажет қаражат медициналық мекемеге бекітілген әр адамға бөлінген бірыңғай төлемге салынатын.

Осының арқасында қазір облыста емханаға өз бетінше келе алмайтын адамдарды профилактикалық тексеру артады.

Алдын ала тексеруден өтетін емделушілер тізімі емханада жынысы, жасы және денсаулық жағдайына қарай жасалады. Тексеру кезінде көз және қан қысымын, қандағы қант пен холестерин деңгейін өлшейді, талдауға материал алады және қандай да бір ауруларды анықтау үшін қажетті тестілер жүргізеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үйде немесе онлайн режимде сала мамандарынан кеңес ала алады.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесі пилоттық режимде осы жылдың 1 қыркүйегінде енгізілген болатын. Еліміздің басқа өңірлерінде жүйе 2020 жылдың басынан бастап жұмыс істейді.

Жоғары қарай