Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Қаржы министрлігі Президент Жолдауы аясында қандай шаралар атқарылатынын талқылады

2019 жылдың 4 қыркүйек 2019 20:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауының негізгі ережелерін талқылап, тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә. Смайыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру бойынша алқа отырысы өтті.

Алқа жұмысына құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.
Мемлекеттік сатып алу заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша вице-министр Руслан Бекетаев сөз сөйледі.
Вице-министр Татьяна Савельева Республикалық бюджеттің параметрлерін Президент Жолдауын қаржылық іске асыру құралдарының бірі ретінде атап өтті.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев бюджет кірістерін ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарымен бөлісті, сондай-ақ микро және шағын бизнес компанияларын табыс салығын төлеуден үш жыл мерзімге босату шаралары туралы хабарлады.

Бұдан басқа, кедендік әкімшілендіруді күшейту үшін Кеден ісі саласында құқық бұзушылық жасағаны үшін СЭҚБ жауапкершілігін күшейту жоспарлануда. Сондай-ақ капиталдарды Қазақстаннан тыс жерлерге шығаруға қарсы күрес мақсатында екінші деңгейдегі банктермен жұмыс жалғастырылатын болады.

Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Әбілқайыр Сқақов көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шараларын күшейту шеңберінде бірқатар заңнамалық бастамалар енгізуді ұсынды.

Алқа отырысын қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы айтқан барлық тапсырмалардың уақтылы және сапалы орындалуына назар аударды, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жобаға енгізу үшін ұсыныстар дайындауды тапсырды.


Жоғары қарай