Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Кәсіпкерлерден ақша жинаған қостанайлық шенеуніктің қызметі төмендетілді

2019 жылдың 18 қазан 2019 11:29

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда қоғамдық қорға кәсіпкерлерден ақша жинаған шенеунік өз қызметіне сай емес. Мұндай шешім Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік қызмет істері департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары Дидар Тілеубаевқа қатысты іс қаралды. Ол «Сүйікті Қостанай» қоғамдық қорына кәсіпкерлерден ақша жинау барысында заңбұзушылыққа жол берген.

Кеңесте аудан әкімінің орынбасары Дидар Тілеубаевтың жауабы тыңдалды. Ол жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің таққан айыбымен толық келісетінін жеткізді. Алайда, бұндай әрекетке бұрынғы аудан әкімінің бұйрығымен барғанын айтты.

«2019 жылдың мамыр айында Қостанай қаласының 140 жылдығына демеушілік көмек көрсету үшін «Сүйікті Қостанай» қоғамдық қоры құрылған. Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары Д.Тілеубаев аудан әкімі А.Ғ.Қисықовтың өтінішімен аталмыш есепшотқа кәсіпкерлерден ақша аударту туралы тапсырма алады. Мұнан соң ауданның ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің тізімі жасалып, қоңырау шалу арқылы қаржылай көмек сұраған. Осылайша, 16 кәсіпкердің 5-еуі қорға 19 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсеткен. Қалған кәсіпорын басшылары қаржылай көмек көрсетуден бас тартқан», - делінген Мемлекеттік қызмет істері департаментінің ақпаратында.

Кеңес шешімі бойынша Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары Д. Тілеубаевтың іс-әрекетінде ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзу белгілері бар екені анықталды.

«Д. Тілеубаев А.Қисықовтың берген тапсырманың заңдылығына жауап беруге қиналды. Бұл ретте ол басшысымен даулы жағдайға жол бергісі келмеген. «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заңының 43-бабы, 1-тармағында мемлекеттік қызметші орындау үшін алынған өкімнің заңдылығына күмәнданған жағдайда бұл туралы өзінің тікелей басшысына және өкім берген басшыға жазбаша түрде хабарлауы тиіс. Егер лауазым бойынша жоғары тұрған басшы осы өкімді жазбаша растаған жағдайда, мемлекеттік қызметші, егер оны орындау қылмыстық жазаланатын әрекеттерге әкеп соқпаса, орындауға міндетті», - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.

Кеңес мүшелері ақылдаса келе, Дидар Тілеубаевты қызметіне сай емес деп танып, оны қызметінен төмендету ұсынысын қабылдады.

Жоғары қарай