Ауа райы
Астана 32 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 384.87
EUR 432.52
RUB 6.11
CNY 55.95

Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыстардың себептерін мұқият зерттеуді талап етті

2019 жылдың 24 маусым 2019 23:56 1045

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жағдайға байланысты құрылған жедел штабтың отырысын өткізді. Бұл жайында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 «Қазақстан Президенті Арыс қаласындағы жағдаймен танысу үшін Түркістан облысына келді. Мемлекет басшысы қару-жарақ қоймасындағы жарылыстардың зардаптарын қалпына келтіру жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқиға орнындағы жағдай мен атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Мемлекет басшысы ең алдымен қайтыс болған азаматтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты», - деп атап өтеді Берік Уәли.

Оның атап өтуінше, Президент баспанасыз қалған азаматтарды жедел орналастыруды қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдап, зардап шеккендерге қажетті жан-жақты көмек, соның ішінде медициналық жәрдем көрсетуді тапсырды.  Мемлекет басшысы мемлекеттік материалдық қордың есебінен қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарлар мен материалдық құндылықтарды беруді тапсырды.

«Үкімет пен облыс әкімдігін қалпына келтіру жұмыстарының құнын есептеп шығаруды және тұрғын үйлерді, инженерлік желілерді, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін Үкіметтің қорынан қажетті қаражаттың бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнында құтқару және қалпына келтіру жұмыстары барысында ведомствоаралық өзара жүйелі іс-қимылды ұйымдастыруды, сондай-ақ, жарылыстардың себептерін мұқият зерттеуді талап етті», - деді ол.

 

Жоғары қарай