Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Қауіпті өндірістік нысандарда адам өлімі 1,7 есе артып отыр - вице-министр

2019 жылдың 7 қараша 2019 11:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 9 айында еліміздің қауіпті өндірістік нысандарында 10 адам қаза тапты. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ержан Аманиязов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жүйесі қауіпті өндірістік нысандарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі таңда министрлік 211 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысанды қамтитын 8 мыңнан астам өнеркәсіп кәсіпорынын қадалағауда. Негізінен бұл - жер асты кеніштері мен көмір шахталары, карьерлер мен разрездер, металлургиялық-химиялық және мұнай өңдеу зауыттары, атом өнеркәсібі нысандары, магистралдық құбырлар және тағы да басқалары», - деді Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіп қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған вице-министр.

Оның атап өтуінше, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің негізгі мақсаты – қауіпті өндірістік нысандардағы апаттар, оқыс оқиғалар кезінде туындайтын қауіпті өндірістік фактілердің персоналға, халыққа, қоршаған ортаға зиянды әсерінің алдын алу.

«Бұл ретте адам денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп-қатерлермен ұштасқан сезімтал салалардағы мемлекеттік қызметтерді қысқартуды қоса алғанда бизнеске арналған талаптарды қысқарту және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеуді әлсірету жөніндегі шаралар өндірістегі тәртіп деңгейін төмендетуге және апаттар салдарынан жарақаттанудың өсуіне алғышарт жасады. Осы жылдың 9 айында республиканың өндірістік қауіпті нысандарында 24 апат болды. Ал 2018 жылы 27 апат болған. Апат кезінде 18 адам зардап шекті. Оның ішінде 10 адам қаза тапты. 2018 жылы 6 өлімі тіркелген. Бұл ретте өкінішке орай өлім өсімі 1,7 есе болып отыр», - деді Ержан Аманиязов.

Осы орайда вице-министр өнеркәсіп нысандарындағы апаттардың орын алуының нақты себептерін атады.

«Апаттардың негізгі себептеріне тоқталсам, бірінші - нормативтік қызмет мерзімі өткен, тозығы жеткен жабдықтарды пайдалану. Екінші - өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары мен қағидаларын бұзу. Үшінші - төмен өндірістік бақылау немесе оның болмауы және жұмыс персоналының төмен біліктілігі. Осыған байланысты негізгі мақсатты іске асыру үшін және ҚР Үкіметінің 2019 жылға аралған жоспарының 2-тармағына сәйкес министрлік өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі», - деді ол.

Оның атап өтуінше, заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіру, қауіпті нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс істеуге тартылатын аттестатталған және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың қызметін реттеуге, қолданыстағы заңнамадағы заңнамалық олқылықтар мен коллизияларды жоюға бағытталған.

Жоғары қарай