Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Қауіпті вирус бананды жойып жіберуі мүмкін - BBC

2019 жылдың 2 қыркүйек 2019 22:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Банан – көпшіліктің сүйікті жемісі. Алайда, ғалымдар Латын Америкасындағы бау-бақша, егін алқаптарынан қауіпті вирусты анықтап отыр, деп жазады ВВС.

«Панама дерті» адамдардың денсаулығы үшін қауіпті емес, бірақ банан өсетін алқаптарды тұтастай жойып жіберетін күші бар. Соның ішінде, көпшілік сүйіп жейтін, өсіруге де қолайлы «кавендиш» банан сортына да қауіп төніп тұр. ВВС берген мәлімет бойынша, мамандар Колумбия алқаптарынан «Fusarium TR4» вирусын тапқан.

Банан – көптеген жанның тағам рационында күнделікті тұтынатын жеміс әрі миллиондаған жандар үшін табыс көзі. Ал «аталған вирусты толығымен жойып жіберу мүмкін емес» дейді БҰҰ өкілдері. Оның жердегі қалдығы 30 жылға дейін топырақтың құрамында сақтала береді.

Белгілі болғаны, «Fusarium TR4» вирусы 1990 жылы алғаш рет Малайзия және Индонезиядан табылған. Латын Америкасында алғаш рет анықталып отыр. Вирусты Нидерланды ғалымдары анықтаған. Ол егін алқаптары мен бау-бақшаларда кең тарап, өсімдікті түбірімен жойып жібере алады. Колумбия және Эквадор – әлемдегі ең көп банан өсіретін аймақ болғандықтан, ғалымдар алаңдаушылық білдіріп, дабыл қағуда.

Басылымның хабарлауынша, бананның «кавендиш» сұрыпы 1950 жылдан бері өсіріле бастаған. Дәл осы «Fusarium TR4» вирусы бананның «гро-мишель» деп аталатын түрін түбірімен жойып жібергендіктен де «кавендишті» өсіру қолға алынған.

Банан өндірісіндегі ірі компания Fyffes аталмыш вируспен күресуге болады дейді. «Ол үшін ең алдымен банан өсетін аймақтарды қорғау керек. Егін алқаптары мен бау-бақшаларға енетін әр адамның аяқ киімі мен көліктердің дөңгелектерін фунгицид ваннасында жуу, банан плантацияларын қоршау, жануарлардың еніп кетуінен қорғау, суаратын суды құдықтардан алу, т.б. шараларды қолға алған». Бұл компания өкілдері «кавендиш» кең тараған банан сұрыпын алмастыра алатын альтернативті сұрып ойлап табуға кіріскен.


Автор Айкүміс Болатбек
Басты сөздер: Әлем, Экология,
Жоғары қарай