Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -15 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

«ҚазАгродан» 700 млн теңге ұрлағандар сотталды

2018 жылдың 19 қыркүйек 2018 18:23

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» холдингінен ірі сомадағы қаражаттың ұрлануына қатысты жеке және квазимемлекеттік компаниялардың лауазымды тұлғалары сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі «Астана Боттлерс» ЖШС басшылығындағы - бас директор М.Ж. Есіркепов және атқарушы директор Ш.Э. Тешабаев, сонымен бірге «ҚазАгроөнім» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Б.М.Күзембаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу жұмыстары аяқталды. Аталған іс «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің бюджет қаражатының 700 млн теңгесін жымқыру және жұмсау, қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру фактісі ретінде тіркелген», - делінген баспасөз хабарламасында.

Мәлім болғандай, 2014 жылы «Астана Боттлерс» ЖШС «ҚазАгро» мемлекеттік компаниясының 700 млн теңге көлеміндегі қаражатына «Жаным» сауда маркасымен ультрапастерленген сүт шығаратын өндірісті іске қосуы тиіс болған. Алайда «ҚазАгроөнім» АҚ-ның лауазымды адамдары мен «Астана Боттлерс» ЖШС басшылығындағы М.Ж.Есіркепов және Ш.Э.Ташебаев іс бойынша Б.М.Күзембаевпен сөз байласып, бұл ақшаны қалталарына басқан.

Осылайша, мемлекеттің ақшасы жұмсалған зауыт бірде-бір литр сүт шығармаған. Жымқырылған ақша ақыры автокөлік сатып алу, Еуропаға қыдыру, сонымен бірге Есіркеповтың жеке қарыздарын жабуға жұмсалған.

Тергеу барысында тұтқындалған адамдардың 970 млн теңгелік жеке мүліктері тәркіленген.

Сот үкімі бойынша М.Ж. Есіркепов 8 жылға, ал Ш.Э. Тешабаев пен Б.М. Күзембаев 7 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Олар жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады.

Жоғары қарай