Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Қазақ халқына, көршілеріме ризамын - «Алтын алқа» иегері

2019 жылдың 1 наурыз 2019 11:33

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мені қиын шақта қолдаған қазақтарға, көршілеріме ризамын. Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында тұратын «Алтын алқа» иегері Людмила Березина осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Л.Березинаның айтуынша, өзі 1942 жылы, соғыс нағыз қызып тұрған уақытта Әжен ауылында дүниеге келіпті.

Бұл кезде Сталинград майданы тиіп тұрғандықтан, Батыс Қазақстанның Орда (Бөкей ордасы) мен Жәнібек аудандары соғыс жағдайында деп жарияланды. Сол қиын-қыстау уақытта қаншама жан туысқандарынан айырылды.

Туған ата-анасынан алты айында жетім қалған оны Сайқындағы теміржолда бригадир болып жұмыс жасайтын Гавриил Ланиннің отбасы асырап алады. Сәби сүю бақыты бұйырмаған Ланиндер Людмиланы жалғыз қызымыз деп, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсіреді. Өзі де әуелі теміржолда, кейін пошташы болып қызмет етеді.

1962 жылы сүйікті жары Владимирмен бас қосып, кейін алты ұл, бір қыздың анасы, 13 немере-жиеннің әжесі атанды.

«Владимирмен 28 жыл отастым. Өмірден ерте кетті марқұм. Кеңес одағы тарап жатқан уақыт еді. Жеті баламен қалған маған оңай болған жоқ. Міне, осы кезде барлық көршілерім қолұшын созып, демеді. Олардың бәріне ризашылығым шексіз. Тоқсаныншы жылдардың қиындықтары да артта қалды», -дейді өмір бойы Сайқыннан табан аудармаған, 2015 жылы «Алтын алқа» иегері атанған Людмила Березина.

Қазіргі кезде балаларының бәрі өмірден өз орындарын тапты. Қызы Мария Ресейдің Волгоград облысының Волжск қаласында, ұлдары Михаил, Алексей, Владимир Ахтуба (Астрахан облысы) мен Мәскеу қалаларында тұрып жатыр. Сайқында тұратын Андрей Бөкей ордасы колледжінде, келіні Татьяна қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінде, Юрий мен Борисі теміржолда қызмет атқарады. Юриймен бас қосқан келіні Әсел жанармай бекетінде.


null

«Енді Борисіме адал сүт емген келін тап болса екен деп армандаймын. Қазақтармен де қанымыз араласып, құдандалы болғандықтан, көрмесек, тұра алмаймыз. Барлық қуаныш-қызығымызды бөлісіп келеміз», - дейді Л.Березина.

Құдай қосқан көршілері Кәнита Бектілеуова мен Бақытжамал Ерекешевамен Л.Березинаның ағайын-туыстай болып кеткеніне жарты ғасырға жуықтады. Оның балаларын бағысып, қанаттанып кетуіне көмектескен де осындай ақпейіл жандар еді.

«Қазір жағдай жақсы. Бұрынғыдай отын жақпаймыз. Электр қуаты, су өз алдына, газ келіп тұр. Осыдан артық не керек, ең бастысы, елімізде тыныштық болсын. Құдайым соғысты көрсетпесін. Көпбалалы отбасыларға, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп отырған Елбасымызға үлкен алғысымды айтамын. Береке-бірлігіміз арта берсін, деніміз сау болсын»,- деп түйіндеді сөзін Л.Березина.

Жоғары қарай