Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Қазақ киіз үйінің жылуын сезіндік - жазушы Зинаида Чумакова

2019 жылдың 2 наурыз 2019 09:23

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласында «Балалық шағымның бауырсағы» атауымен шешен ұлтының өкілі, жазушы Зинаида Чумакованың туындысы желісімен сахналық қойылым көрсетілді. Шығармада сонау зұлмат жылдары атамекенінен қуылған Кавказ жұртының қилы тағдыры, оларға пана болған қазақ елінің бауырмалдығы баяндалады. Солардың арасында аталған повестің авторы Зинаида Чумакованың да ата-анасы бар. ҚазАқпарат тілшісі туынды авторынан сұхбат алған еді.

- Зинаида Супьянқызы, «Балалық шағымның бауырсағы» қойылымын қостанайлықтар кірпік қақпай тамашалады. Шығармадағы Селим мен Зайнаптың қиындықтарды еңсеруі нағыз ерлікке пара-пар. Жалпы, повестің түйіні қандай еді?

- Бұл кітап арқылы сталиндік репрессия кезінде шешен-ингуш халқына қорған болған қазақ халқына алғыс білдіргім келді. Кавказ тауларынан тағдыр тауқыметін тартып келген халықтарға қазақ халқы мейірбандық танытты. Менің де туысқандарым сол кезде Қазақстанға көшіп келген еді. Біз Қостанайдағы Құсмұрынға тоқтадық. Қиын-қыстау кезеңдерде қазақтар бізді үйлеріне паналатып, өздерінің қолдарындағы барын берді. Аштықта жеген құйқаның дәмін тоқтықта ұмытпайсың ғой. Әлі есімде, мен жатқан үйдегі Бәтима әжей берген бауырсақтың дәмі әлі таңдайымнан кетер емес. Шын сөзім. Сол бауырсақтың қайтарымы әрі қазақ халқына деген шексіз алғысым мен әкемнің аманаты бойынша осы кітапты жарыққа шығардым.

- Әкеңіздің аманатына тоқтала кетсеңіз?.

- «Балалық шағымның бауырсағы» повесіндегі Бәтима әже - нағыз қазақ әйелінің үлгісі. Ол кісінің қамзолын киіп алып, пеш басында жүргені, балаларының аузынан жырып, бізге бауырсақ таситыны әлі күнге көз алдымда. Әкем қазақтар нан табуға үйретті деп үнемі айтып отыратын. Қай тұрғыдан алсаңыз да, қазақ - теңдессіз ұлт. Мұнымды артық пафос немесе орынсыз мақтау дей көрмеңіздер. Қазақ елінде ұлт пен ұлыстардың өзара қарым-қатынас үлгісін үйлестіретін ерекше институт бар. 1920-1950 жылдар аралығындағы саяси үдерістер кезінде Қазақстанға алуан түрлі ұлт өкілдері келіп қоныстанды. Деректерге сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстанға 200 мыңға жуық шешен-ингуш отбасы еріксіз жер аударылған. Олардың бірі «халық жауы», «сатқын» деген қара таңбамен жер аударылса, екіншісі саяси ұстанымы қоғамға кереғар тұлға ретінде еркінен тыс жіберілді. Жазықсыз жала мен қисынсыз қиянатты басынан өткеріп, өздері де «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы солардың біріне де теріс қабақ танытқан жоқ. Керісінше, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті. Біздің отбасы сол үшін де күллі қазаққа шексіз қарыздар. Әкемнің аманаты осы болатын.

- Биыл төртінші рет Алғыс айту күнін атап өтудеміз. Айтыңызшы, бұл мерекені өзге ұлт өкілдері толығымен сезініп, қабылдады ма?

- Алғыс айту күнін қатардағы мереке ретінде қарап, әйтеуір бір демалып қалуды ойлайтындар жоқ емес. Бірақ, уақыты келгесін өздері-ақ түсінеді. Бұл мереке, біз үшін, өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтуы үшін қажет. Бір білетінім, қазақ киіз үйінің жылуын қиын-қыстау шақтарда кәрістер, орыстар, немістер, поляктар, шешендер мен ингуштар жан-жүрегімен сезінді. Өтпелі кезеңнен кейін ел Тәуелсіздігі жарияланған соң өзге мемлекеттерде қақтығыстар мен берекесіздік орын алды. Ал біздің елде түрлі мәдени іс-шаралар өтіп жатты. Мұның бәрі сол кездегі ел саясатының арқасы. Алғыс айту күнін белгілеудің бастауында осынау ерекшелік жатыр. Мерекенің ұтымдылығы сол - өзге ұлттың ыстық ықыласы мен риза пейілін ресми түрде биік мінберден мәлімдеу мүмкіндігі туды. Алғыс айту күнін қабылдамайтындар - қазақ жерінде тұрып, өз пайдасын ғана ойлайтындар. Олар күйбең тіршіліктің тепкісіне түскен шақта пана болғандардың кім екенін ұмытып кетті. Санасы бар адам жақсылықты ұмытпайды.

- Деректі фильмдерде ингуш пен қазақ ұлтының ұқсастығы айтылады. Бұған не дейсіз?

- Екі ұлт та тоталитарлық жүйенің тоқпағына ұшырап, азапты жылдарды бастан кешірді. Қуаныштысы, қазақ халқының тілі мен тарихы сол күйі, өзгеріске ұшырамай сақталды. Вайнах зұлматының тарихы айтыла қалса, тек қана қайғылы оқиғалар тізбектеле кетеді. Сол жылдардағы қасірет шешен-ингуш жұртының жан-жүрегіне қара таңба болып басылды. Қазақ көрген қиындық аз емес. Отырар ойранынан бастап, Желтоқсан ызғарын айтамыз. Олардың арасында отызыншы жылдардағы дала заңсыздығы бар. О да бір зымиян саясат болар, жер-жердегі халықты шолақ белсенділердің билігіне беріп қойды. Олар ақымақ бастарына не ой келіп қалса, соны істеді. Айда десе, айдады, байла десе, байлады. Әйтеуір халықтың еңсесін көтертпеді. Ақыл-парасаты бар тәуір адамдарды түгел құртып жіберді. Мұндай естеліктерді еске алу мен үшін де аса ауыр. Өйткені, бұл - менің тарихым, ата-бабамның тағдыры. Солақай саясаттың құрығына ілігіп, айдауда өткен жас ғұмырымның ауыр белгісі. Қазақ пен ингуштың ұқсастығы - бауырмалдық. Сырттан келгендерді өзекке теппей, өзіне тартқан тек қазақ халқы болды. Олар үйінің бұрышынан орын берді. Сондықтан бұл елге алғыс айтудан жалықпаймын!



null

- Әңгімеңізге рахмет! Мереке құтты болсын!

Жоғары қарай