Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Қазақ радиосы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға атсалысады

2019 жылдың 21 қараша 2019 19:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кәсіби заңгер-радиожурналист Нұра Өтебаева жүргізетін «Халық үні» радиохабары ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақ радиосына сілтеме жасап.

Қазақ радиосындағы жаңа форматтағы хабарда тыңдармандарға құқықтық кеңес беріліп, мемлекеттік қызметтерді алудың тетіктері жан-жақты түсіндіріледі. Бұқарамен кері байланыс орнатуға бағытталған хабарлар апта сайын сәрсенбі және бейсенбі күндері сағат 10-15 те тікелей эфирге шығады.

«Қазақ радиосы осылайша Президент бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшуге атсалыспақ. Хабар әуе толқынан бөлек Facebook пен Youtube желісінде видеонұсқада көрсетіледі. Бұл радиоға хабарласып, құқықтық кеңес алатын азаматтарды неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада. Хабардың бүгінгі санына телефон мен әлеуметтік желі және WhatsApp мессенджері арқылы 100-ге жуық сұрақ түскен. Сауалдардың дені мемлекет есебінен несиенің ауыртпашылығын азайту, алимент өндіру мен жұмысқа орналасу және тұрғын-үй бағдарламаларының нақты тетіктеріне қатысты. Қазақ радиосының басшылығы хабарға тыңдармандар тарапынан сұраныстың жоғары екенін ескере келе, оның орысша нұсқасын ашуды да қолға алған. «Территория права» атты хабар әуе толқынан аптасына бір рет орыс тілді тыңдармандар үшін жаңа форматта эфирге шығады. Оны жүргізуге Қазақ радиосында талай жыл қызмет істеген заңгер маман Нұржан Байымбетов шақырылды.

Айта кету керек, Қазақ радиосы ел аумағының 90 пайызына эфир тарататын бұқаралық ақпарат құралдарының бірі. Бір ғасырға жуық тарихы бар радиоарна ел аумағынан бөлек ҚХР мен Моңғолияның және Өзбекстанның Қазақстанмен шекаралас аймағына хабар таратады.

Жоғары қарай