Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

«ҚазАқпарат» ХАА Түркияның «Анадолы» ақпарат агенттігін 100 жылдық мерейтойымен құттықтайды

2020 жылдың 6 сәуір 2020 09:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Анадолы» түрік ақпарат агенттігінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Түркияда ұлттық ақпараттық агенттікті құру идеясы 1920 жылдың 31 наурызында Мұстафа Кемал Ататүріктің Гейве қаласындағы теміржол стансасында Жүніс Нади мен Халиде Едип атты екі журналистпен кездесуі кезінде туған еді. Болжамды нұсқалардың ішінде агенттікке «Түрік», «Анкара» немесе «Анадолы» деп ат қою жоспарланған. Көп өтпей «Анадолы» ақпарат агенттігі 6 сәуірде ресми түрде ашылып, жұмысын бастап кетті.

Осыдан тура 100 жыл бұрын Түркия халқының басынан мемлекет болып қайта түлеуінің шешуші кезеңдері өтіп жатқан еді. Әлемдегі алпауыт мемлекеттердің Бірінші дүниежүзілік соғысынан кейін де Түркия жерінде қиян-кескі ұрыс, тәуелсіздік үшін тартыс болып жатты. Түрік халқының басынан өткерген қиын кезеңі тарих сахнасына Мұстафа Кемал Ататүрікті алып келді. Антанта державаларының қысымы сол тұста мемлекет болып қайта түлеу үшін түрік халқынан бірлік пен күшті талап еткен еді.

«Анадолы» Түрік Ұлы Ұлттық кеңесі қабылдаған алғашқы заңдардан бастап Түрік Республикасының құрылуының әр белесінен ақпарат беріп, түрік халқының ұлт-азаттық күресінің әрбір кезеңінің куәсі болды.

1925 жылы ақпарат агенттігі Ататүріктің бұйрығымен «Анадолы» Түрік агенттігі корпорациясына айналды. Агенттікке тәуелсіз мәртебе берілді. Ол тұста мұндай мәртебесі бар ақпараттық ұйым Батыс елдерінің өзінде де жоқ еді.

«Анадолының» қазіргі уақытта әлемнің 30 елінде меншікті тілшілер қосыны бар. Агенттіктің жаңалықтары түрік, албан, ағылшын, араб, босния, күрд, македон, парсы, орыс және француз тілдерінде шығып тұрады. Ақпараттық агенттік Agence France-Presse (Франция), Getty Images (АҚШ), Associated Press (АҚШ), ИТАР - ТАСС (Ресей), Deutsche Presse-Agentur (Германия), EFE (Испания), Ислам Республикасының ақпараттық агенттігі (Иран), Синьхуа (Қытай), Kyodo News (Жапония), Bernama (Малайзия) секілді ақпарат агенттігімен серіктесе жұмыс атқарады.

Ал «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі мен «Анадолы» агенттігі арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге Ыстанбұлда 2018 жылдың 10 сәуірінде қол қойылған еді.

Агенттіктің штаб-пәтері Анкарада орналасқан.




«ҚазАқпарат» ұжымы «Анадолыны» ғасырлық тойымен құттықтай отырып, түркиялық ақпарат агенттігінің еңбегінің жемісті болуын тілейді. Қазір әлем коронавирус инфекциясы туындатқан пандемия кезеңін басынан өткеріп жатыр. Індет Қазақстанмен қатар түбі түркі – Түркия мемлекетін де шарпыды. Коронавируске қарсы күреспен бірге қазір әлем мемлекеттері дүниені дүрліктірген жалған ақпаратпен күнделікті майдан жүргізуде. «Анадолы» ақпарат агенттігінің осындай қысылтаяң шақта аудиторияға шынайы әрі шұғыл ақпаратты жеткізіп, халықты уақтылы құлақтандырып отырғанын оқып, көріп отырмыз. Ендеше түркиялық агенттіктің кейінгі жұмысына да сәттілік, қызметіне табыс тілегіміз келеді.

Жағымды жаңалықтардың жаршысы болып жүре беріңіздер!


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: БАҚ, Түркия, Түркі елдері,
Жоғары қарай