Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Қазақстан әлемдік ғарыш қауымдастығының толыққанды мүшесі атануға ниетті - министр

2019 жылдың 13 қараша 2019 09:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның ғарыш саласының қазіргі жағдайы, даму мүмкіндіктері, жаңа аэроғарыштық технологияларды енгізуі, Байқоңырдағы тарихи өзгерістер «Қазақстандағы ғарыш күндері: Байқоңыр – әлемдік ғарыш бесігі» атты халықаралық форумда кеңінен талқыланып жатыр. Бұл жөнінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Нұр-Сұлтан қаласында осымен жетінші рет ұйымдастырылған форум алаңында әлемнің 25 елінен келген ғарыш саласының 650-ден астам сарапшысы бас қосты. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің қатысуымен өткен форумның пленарлық бөлімінде Қазақстанның ғарыш жүйесінің жетістіктері мен перспективалары әңгіме болды.

Қазақстанның ғарыш саласындағы басты жаңалықтардың бірі ретінде ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені құрылысының аяқталғаны туралы актіге қол қойылғанын айтуға болады. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, бұл кешен отандық ғарыш саласын сапалы жаңа деңгейге көтермек.

« Бүгінгі күні Қазақстанда екі телекоммуникациялық спутник жұмыс істейді. Біз осы саладағы мүмкіндіктерімізді одан әрі дамытуды көздеудеміз. Кеше ғана құрастыру-сынау кешенінің құрылысы аяқталды, яғни 2020 жылы біз өз спутнигіміздің жобасын жасап, өндіруге кірісу арқылы жаңа деңгейге көтерілуді жоспарлап отырмыз. Бұл - Қазақстанның әлемдік ғарыш қауымдастығының толыққанды мүшесі ретіндегі бастамасы », - деп атап өтті министр.

Асқар Жұмағалиев форумға қатысып отырған Қазақстанның стратегиялық серіктестеріне, атап айтқанда, «Роскосмос» МК, Airbus, Азия-Тынық мұхиты ғарыш ынтымақтастығы ұйымы, OneWeb, Euroconsult басшылығына алғысын білдіріп, бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді.

Бұдан басқа, Асқар Жұмағалиев әлемдік ғарыш саласындағы сарапшылармен екіжақты кездесулер барысында тиімді «ғарыштық» ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Форумдағы негізгі талқылаулар «Байқоңыр ғарыш айлағын дамыту», «Ғарыштан ЖДЗ және спутниктік навигация технологиялары», «Спутниктік байланыстың болашағы» бағыттары бойынша өтуде. Осы орайда форумның дүниежүзілік ғарыш қызметінің жетістіктерімен бөлісіп, озық тәжірибелермен алмасуда және отандық ғарыш саласын насихаттауда бірегей алаңға айналғанын айтып өткен жөн.




Форумға министрліктің стратегиялық серіктестері - Роскосмос, «Airbus Defence and Space» сондай-ақ, отандық және шетелдік ұйымдар қатысуда, олардың ішінде: «М.В. Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығы», «М.Ф. Решетнев атындағы АСЖ» АҚ, «Транстелеком»АҚ, One Web, SES, «Leica Geosystems, Satrec Initiative», «Eutelsat» БАӘ ғарыш агенттігі, Украинаның мемлекеттік ғарыш агенттігі, жапондық аэроғарыштық зерттеулер агенттігі, THALES ALENIA SPACE компаниясы және тағы басқалар бар.

Жоғары қарай