Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Қазақстан Қытай арқылы жылына 2 млн тонна көмір экспорттайды

2019 жылдың 13 қыркүйек 2019 17:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Қытай арқылы жылына 2 млн тонна көмір экспортқа шығарады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде бұл бағыттағы тиімді жұмысты байқап отырмыз. Мұндай тәжірибені жалғастыру Жаңа Жібек жолын нығайтып, дамыта түсуге қызмет ететін болады. Біз көлік-логистикалық қуатты одан ары дамытуға, көліктік әлеуетті толыққанды пайдалануға ниеттіміз. Бұл өзара тиімді тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, Мемлекет басшысының сапары аясында жылына 2 млн тоннаға жуық Қазақстан көмірін Қытайдың Ляньюнгань порты арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне тасымалдау туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.Сонымен қатар Президенттің сапары аясында авиациялық іздеу және азаматтық кемелерді құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы өте маңызды үкіметаралық келісімге қол қойылды», - деді ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарына орай.

Сонымен қатар министр Қазақстан мен Қытайдың терминалдарды және көліктік инфрақұрылымдарды бірлесіп пайдаланудың әлеуеті зор екендігін баса айтты. Бұл бағыттағы екі елдің ынтымақтастығы контейнерлік тасымалдың арта түсуіне септігін тигізеді.

«Нұрлы жол» бағдарламасын «Бір жол - бір белдеу» бастамасымен түйіндестіру жоспарын жүзеге асыру аясында 4 жылдың ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағдарындағы контейнерлік тасымал көлемі 15 есе өсті. Бұл бағытта 2014 жылы контейнерлік жүк тасымалының көлемі 21 мың болса, өткен жылдың қорытындысында 310 мың контейнерге жетті. Жыл сайынғы өсім 50 пайыздан асып түседі«, - деді Роман Скляр.


Жоғары қарай