Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Қазақстан мемлекеттік қызметтің инновациялық моделін енгізіп жатыр - Айгүл Шайымова

2019 жылдың 17 мамыр 2019 16:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметтің инновациялық моделін енгізуді бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаһандану дәуірінде көшбасшылықтың рөлі - кез келген мемлекеттің күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Соңғы 20 жылда осы институттың даму векторы әлемде туындаған сын-қатерлердің ықпалымен өзгеріске ұшырады. Бірақ базалық компоненттер - адамдарды миссия мен мақсаттарға жеткізу қабілеті, жауапкершілікті қабылдау - өзгеріссіз қалады», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова АЭФ аясында өткен «Жаһандық конференция: Өзгеріске ұшыраған әлемдегі транформациялық көшбасшылық» сессиясы барысында.

Оның айтуынша, қазір бұл сипаттамаларға: өзгерістерге жылдам бейімделу, сенім негізінде командамен қарым-қатынас жасау, «қателесу құқығының берілуі» және жеке мысалмен мотивация беру амалдары қосылған. Тарих сахнасында өз мемлекеттерін немесе ұйымдарын қиын кезеңде табыс траекториясына шығара алған көшбасшылар аз емес.

«Бүгін біз осынау тамаша қаланың тамаша залында тұрмыз. Мұнда кез келген мәселені ашық әрі тыныш талқылауға жол ашық. Бұл да - ел басқарушыларының көшбасшылығының нәтижесі. Біз оған Тұңғыш Президенттің саяси ерік-жігерінің арқасында қол жеткіздік», - деп атап өтті агенттік төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, алдағы жаһандық трендтерді болжап біле отырып, Елбасы қоғамға қызмет етуі тиіс мемлекеттік басқарудың жаңа түріне көшу міндетін қойған.

«Бұл үшін алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттік қызметтің инновациялық моделін енгіземіз», - деді Айгүл Шайымова.

Жаңа модельге қандай сипаттамалар тән? Бірінші кезекте көрсеткіштер соңындағы бәйгені тоқтата тұрып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге тырысу керек.

«ХХ ғасырдың басында мынадай пікір пайда болды: «Ең негізгі іріткі салушы - зұлымдық есептер, статистика және шамадан тыс бақылау». Көріп отырғанымыздай, 100 жыл өтті. Ал бұл сипаттама әлі де, әсіресе, бірқатар елдердің мемлекеттік секторында көрініс табады», - дейді ол.

Екінші - жұмыстың серпінін, ұтқырлығын және шығармашылық тәсілін қамтамасыз ету үшін шешім қабылдау жеделдігі.

«Осыдан біршама мәселелердің туындайтыны өтірік емес. Себебі күрделі иерархия мен жауапкершілікті өзіне алғысы келмеу секілді мінез-құлық жеке ұйымдардың корпоративтік мәдениетінде сақталады. Қазір елімізде ауқымды оңтайландыру үдерістері басталып кетті. Нәтижесінде бюрократияны алып тастау және «бастамашыны жазалау» стереотиптерін жою күтілуде. Ол Қазақстанда жеке жобалар бойынша қолданылып келеді. Осылайша, пилоттық режімде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі іске асырылады», - деп түсіндірді Айгүл Шайымова.

Үшінші сипаттама - ынтымақтастық қағидаты бойынша жұмыс жүргізу. Ұйымдар пікір алмасу мен идеяларды, ұжымдық талқылауды көтермелеуі тиіс.

«Біз ол жүйеге көшу үшін қандай шараларды қолдандық? 20 жыл бойы үздік шетелдік тәжірибе үлгісінде мемлекеттік басқару жүйесі елімізде жаңғыртылып келеді. Орталықсыздандыру және жекешелендіру жолымен иерархиялық құрылым қысқартылды. Стратегиялық жоспарлау, жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік қызметтер институттары енгізілді. IT-инфрақұрылым дамуда, «Азаматтарға арналған үкімет» құрылды», - деп атап өтті Айгүл Шайымова.

Жоғары қарай