Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Қазақстан мен Қытай сыбайлас жемқорлықпен бірге күресетін болды

2019 жылдың 11 қазан 2019 19:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ҚХР ҚКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, ҚХР мемлекеттік қадағалау комиссиясының төрағасы Ян Сяодамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында агенттік төрағасы қытайлық әріптесін Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі ережелері, агенттік қызметі туралы хабардар етті.

«Биыл сәуірде Бейжіңде біздің Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақстандық делегация қатысқан «Бір белдеу – бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумы көшбасшыларының дөңгелек үстелі өткені белгілі. Өткен аптада Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия Ассамблеясының 8-ші отырысына Қытай делегациясы да қатысты. Мен Қытай тәртіптік бақылау және қадағалау академиясының вице-президенті Ху Цзиньян мырзамен жеке кездестім. Біздің бүгінгі кездесуіміз біздің мекемелер арасындағы ынтымақтастықты табысты дамытуға серпін береді деп сенемін», - деді Алик Шпекбаев кездесу барысында.

Агенттік басшысының айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда үздік халықаралық және отандық тәжірибені қолдануға негізделген тиімді заңнама қалыптасқан.

«Біз Мемлекет басшысына тікелей бағынатын тәуелсіз құқық қорғау органымыз. Біздің миссиямыз: «Қазақстан халқының әл-ауқаты үшін жемқорлықты жою». Агенттіктің барлық бастамалары нақтыланған, айқын құндылықтар призмасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл – әділдік, парасаттылық және сенім. Парасаттылық идеологиясы біздің қызметтің тұжырымдамалық негізі болып айқындалған. Агенттіктің негізгі міндеттері - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау, жемқорлық қылмыстарының алдын-алу, анықтау, әшкерелеу және тергеу», - деді ол.




Айта кетерлігі, Қытайдың Мемлекеттік қадағалау комиссиясы тергеу әрекеттерін жүргізу өкілеттігіне ие. МҚК-ға ҚХР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бақылау министрлігі мен мемлекеттік басқарма кіреді. ҚХР Конституциясына енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, МҚК органдары мемлекеттік билікті білдіретін барлық қызметкерлерді қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті.

Тиімді әріптестікті орнату мақсатында Қазақстан мен Қытай өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ол бірлескен жобаларды іске асыруды жандандыруға, ақпарат алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, кездесу аясында агенттік қызметкерлерін ҚХР Тәртіптік бақылау және қадағалау академиясында оқыту, сондай-ақ, аталған академияның ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ынтымақтастығы мәселелері талқыланды.




Жоғары қарай