Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Қазақстан мен Ресей коронавируспен қалай күресіп жатыр

2020 жылдың 30 наурыз 2020 18:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Саясаттанушы Жанар Төлендинова Қазақстан мен Ресейдің коронавирусқа қарсы күрес амалдарына талдау жүргізіп көріпті. Айтуынша, қазіргі уақытта коронавируспен күресудің «қытайлық» және «италиялық» әдісі туралы әлемде үлкен талқы жүріп жатыр.

«Биліктің COVID-19 коронавирус эпидемиясының қаупіне қарсы амалының екі сценариі туралы айтылады қазір. Оның бірі – «қытайлық» амал. Ол бойынша елде төтенше жағдай енгізіліп, қалаларды жауып тастап, халықтың қозғалысын шектеуге дейінгі қатаң карантиндік шаралар қабылданады. Ал екінші «италиялық» әдіске көз жүгіртсек, бастапқыда шаралар тек кеңес беру сипатында болады да, халықтың бұл өмірі инфекцияның кең таралуына жол ашады», - дейді саясаттанушы.

Әйтсе де, қолын кеш сермегенімен Италия, Испания, Франция, Германия, тіпті Ұлыбритания (соңына дейін берілгісі келмеген) жаппай карантинді енгізді ақыры. Айналып келіп бәрі де Уханьның тәжірибесін қолай көріп отыр. Саясаттанушының айтуынша, Ресейде төтенше жағдай мен карантиннің орнына жұмыссыз апта тәртібі енгізілген (28 наурыздан 5 сәуірге дейін). Яғни біздің көрші мемлекет жоғарыда аталған амалдың екіншісін таңдаған.

«Дегенмен Ресей Федерациясының кейбір субъектісінде карантинге ұқсас режим енгізіліп те қойды. Мәселен Мәскеу мэрі Сергей Собянин 30 наурыздан бастап «жалпыға ортақ оқшаулану режимін» енгізді. Өз кезегінде саясаттанушы Екатерина Шульманның пікіріне құлақ ассақ, елде төтенше жағдай енгізілмегендіктен, бұл режим - тек кеңес беру сипатындағы ғана шара.

Бірінші айырмашылық. Қазақстан ТЖ енгізгенімен, Ресей бұл шараны құп көрмеді

Қазақстан болса қытайлық сценарийді ұстанды. Елде алғашқы жұқтырғандар тіркелісімен-ақ жұмылдыру режімін жариялап, елде төтенше жағдайды енгізді. Карантинге бірінші болып Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы жабылса, кейін Қарағанды, артынша қала маңындағы ауылдар, Ақмола облысы, Ақтөбе қаласы мен облысы, Атырау қаласы жабылды. Жамбыл облысында шектеу шаралары енгізілді.

ТЖ режімінің тәртібі қандай?

1. Жұқтыру ошақтарына блок қойылады. Мұндай шара Уханьда өзінің тиімділігін көрсеткен еді.

2. Аймақтар арасындағы жолаушылар тасымалына шектеулер енгізілді. Ал Ресей болса сыртқы периметр бойынша ғана жабылды.

3. ТЖ режімі Қарулы күштерге Нұр-Сұлтан, Алматы және өзге де қалаларды дезинфекциялау жұмысына тартуға мүмкіндік береді. Ресейде мұндай шаралар мүлде қолға алынбаған.

Сонымен қатар Қазақстанда эпидемияға қарсы шаралардың алдыңғы қатарында жүрген дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен өзге мамандар сыйлықақыға ие болды. Артынша ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирус індетімен күресіп жатқан дәрігерлерге үш санат бойынша жалақысына үстемеақы қосылатынын мәлім етті. Бірінші топ - бұл реанимация бөлімдерімен қоса алғанда жұқпалы аурулар станционарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы - 3 284 маман. Олардың жалақысына үстемақы айына 850 мың теңгені құрайды.

Яғни, орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 1 млн теңгенің үстінде алады. Екінші топ - провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметтерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы - 11 951 маман. Олардың үстемақысы айына 425 мың теңгені құрайды. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 600 мың теңге алады.

Министрдің айтуынша, үшінші топқа карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер,жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары кіреді. «Барлығы - 10 994 қызметкер. Олар айына 212 мың теңге үстемеақы алады. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар шамамен 380 мың теңге алады.

Екінші айырмашылық – әлеуметтік қолдау шаралары

Бұл ретте Қазақстан мен Ресейдің ұқсас тұстары баршылық.

Қазақстанда осы жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК-тің жаңа форматы енгізіліп, көпбалалы отбасыларға жәрдемақы, балаларға әлеуметтік көмектің кепілдендірілген пакеті (мектепте тамақтандыру, қоғамдық көлікте жүру бойынша жеңілдік) беріледі.

Ресейде болса үш жастан жеті жасқа дейінгі балаларға да төлемдер қарастырылған. Дағдарысқа байланысты балаларға бұл төлем шілдеден емес, маусым айынан бастап берілетін болды.

Қазақстанда халықтың аз қамтылған тобына – көпбалалы аналарға, мүгедектер мен азаматтардың өзге де санаттарына тегін тұрмыстық азық-түлікті жеткізу бойынша атаулы көмек шарасы қарастырылған. Nur Otan партиясынан хабарлағандай, «Біз біргеміз» акциясы аясында елде 12 мың отбасы осындай көмекті алып отыр.

Ал Ресейде сәуір айынан бастап ана капиталына құқығы бар отбасыларға үш жасқа дейінгі әр бала үшін айына қосымша бес мың рубль аударылады.

Қазақстанда төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылған отбасыларға ай сайын 42 500 теңгелік өтемақы беріледі. Қазіргі таңда өтемақы алу үшін өтінім беру процедурасы барынша жеңілдетілуде.

Қазақстанда да, Ресейде де тұрмыстық және ипотекалық несиелер бойынша каникул енгізілген. Алайда Қазақстанда несиені шегеру шаралары қосымша шарттарды талап етпейді. Ал Ресейде айлық кірістің 30 пайызға қысқарғанын дәлелдеуге тура келеді.

Қазақстанда сонымен қатар төтенше жағдай кезінде халыққа арналған тағы бірнеше жеңілдік бар:

- халықтың мобильдік байланыс мен интернетке қолжетімділігін арттыру, сонымен қатар қарыз кезде де қазақстандық интернет-ресурстарға тегін кіру;

- коммуналдық қызметтердің төлем мөлшерін азайту;

- әлеуметтік маңызы бар тауарларды мемлекеттік тұрғыда бақылау.

Ал ресейлік дағдарысқа қарсы шаралардың ішінде аяқты аңдап басар тұстар бар. Мәселен 1 млн рубльдан асатын банк салымы мен инвестициясынан түсетін пайыздық кіріске 13 пайыздық салық салынбақ. Ресейлік банктердегі салымдардың басым бөлігі (55 пайыздан көбі) осы салыққа ілініп кеткелі тұр.

«Коронавирусқа қарсы күресте Қазақстан ұстанып отырған «жаппай қарантин» тиімді ме, әлде Ресей ұстанған ішінара шектеу шаралары жемісті ме? Қазір бұл сұрақ терең талқы тақырыбына айналған. Карантин дұрыс дегендер вирустың таралуына жол бермеу керек, денсаулық сақтау саласы науқастардың көптігінен күйреп кетпеуі тиіс дейді. Ал екінші амалды жөн санайтындар «ұлттың ұжымдық иммунитетін» қалыптастыру керектігін, вирустан қашпау керектігін айтады. Бұл теорияны ұстанушылардың бірі - британдық Борис Джонсон болғанымен, ол да көпке бармай өзі де індетті жұқтырып, елді карантинге жабуға мәжбүр болды. Қалай болса да, екі тараптың амалының қайсы дұрыс екенін уақыт көрсетеді», - дейді Жанар Төлендинова.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Ресей, Коронавирус,
Жоғары қарай