Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Қазақстан өңірлерінде наурыз көже дайындауға қанша ақша жұмсалады

2019 жылдың 22 наурыз 2019 06:10

АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз көже - Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан, наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Оған қоса, ол - тоқшылық пен ырыс құттың жоралғысы. Наурыз көже келер жылғы молшылықтың жаршысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық, т.б.) де қосылады.

Негізі, осы ерекше тағамға қызығушылық танытқан Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ Наурыз көже дайындаудан сабақ алғаны да есімізде.

Наурыз көжеден алғаш рет ауыз тигенін айтқан ол, ұлттық тағам өте дәмді екенін жеткізіп, тамсанған еді.

Әлбетте, наурыз көжеге белгілі бір тағам түрін қосу керек деген арнайы нұсқау жоқ. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Оған тіпті, көкөніс пен жемістер қосатындар бар. Осы орайда қазақта наурыз көже әртүрлі дайындалатынын өзіміз де көріп жүрміз.

Биыл мейрам қарсаңында ел өңірлерінде аталған ұлттық тағамды дайындауға орташа есеппен қанша ақша жұмсалатынын, сондай-ақ көжеге қосылатын дәмдердің бағасына шолу жасап көрдік.

Орал қаласының тұрғыны, ардагер-ұстаз Тамара Нәбиқызының рецептісі бойынша жасайтын болсақ, 5 литр суға 1 сүр қазы салынады. Ал пісе келгенде: 200 гр күріш, 200 гр тары, 2 сәбіз, 3 литр айран, 100 гр мейіз қосылады. Сонымен, БҚО-да 200 гр күріш - 54 теңге; 200 гр тары - 40 теңге; 3 литр айран («Береке») 450 теңге; 100 гр мейіз - 160 теңге; 2 сәбіз 40 теңге шамасында болып отыр.

Атап өтсек, елімізде тұздың 1 келісінің орташа бағасы 60 теңге шамасында.

Көкшетауда Наурыз көжеге қосылатын 7 дәмге тоқталсақ, сүр еттің бір келісі - 2000-2500 теңге; құрттың келісі - 1500 теңге; тарының келісі - 200 теңге; бидайдың келісі - 150-200 теңге; жүгерінің келісі - 200 теңге, айранның литрі - 200 теңге, мейіздің бір келісі - 1500 теңге, ұнның бір келісі - 100 теңге.

Қостанай өңірінде жылқы етінің келісі - 1700-1900 теңге; күріштің («Макфа») келісі - 360 теңге; құрттың келісі - 600-700 теңге; 1 келі пияз - 135 теңге; 600 гр тары («Алтын дала») - 189 теңге; 800 гр арпа («Пассим») - 309 теңге; айран («Новый день») - 215 теңге; майлылығы 2,5% қатық («Деп») - 125 теңге деңгейінде қалыптасқан.

Ал Талдықорған базарларында сүрленген жылқы қазысының орташа бағасы келісіне 2 500 теңгеден саудалануда. Сүрленген жылқы етінің келісі 1800 теңге шамасында. Сонымен қатар Наурыз көжеге қосылатын бидайдың бір кесесі - 120 теңге; тарының бір кесесі - 150 теңге; күріштің бір келісі - 310 теңге; қатықтың бір келісі - 1 000 теңге.

Есептей келе, бір литр суға 500 теңгенің сүрленген қазысы, 300 теңгеге жылқы еті, 50 теңгеге бидай, 50 теңгеге тары, 20 теңгеге тары, 400 теңгеге қатық, 100 теңгеге кеспе нан қосылады. Нәтижесінде, 1 литр көже 1300 теңгеге шығады.

Қызылордада жылқы етінің келісі 1600 теңгеге бағаланған, ал қазының келісі - 2500 теңге. Мұнымен қоса, көже рецептіне кіретін бидай, ақ түйебұршақ, қызыл түйебұршақ, жүгері, мәш келісі - 500 теңге; сөк келісі - 650 теңге; мейіз келісі - 1200 теңге; құрт келісі - 200 теңге.

Түркістандағы рецепт бойынша мейрамның басты тағамына тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Құрамы: 1 келі ет, қазы-қарта, 100 грамм бидай, 100 грамм күріш, 100 грамм жарма, 100 грамм тары, 3 литр су мен 1 литр айран.

«Қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнатыңыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаңыз. 1,5-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп алыңыз. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатыңыз. Екінші жарманы және күрішті салып, 5 минут қайнаған соң, тарыны салыңыз. Талғамыңызға қарай тұздаңыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойыңыз. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, барлығын сорпаға айранмен қосып араластырыңыз», - дейді Айнұр есімді Түркістан тұрғыны.

Ақтөбе базарларында жылқы етінің келісі - 2000-2500 теңге; бидай мен тарының келісі - 600 теңге; сүттің 1 литрі - 300 теңге, мейіздің 200 граммы - 300 теңге шамасында.

Қарағандыда жылқы еті - 1700 теңгеге, қой еті - 1500-1700 теңгеге, ал сиыр еті 1500 теңгеге саудалануда. Сонымен қатар, айранның («Нәтиже») 1 литрі - 260 теңге; 800 грамм арпа («Пассим») - 180 теңге; мейіз келісі - 2600 теңге; 800 грамм күріш («Пассим») - 180 теңге. Бұл өңірде Наурыз көже әзірлеуге қажетті тағамдардың көлемі: 3 литр су, 1-2 келі ет, 200 грамм арпа, 100 грамм күріш, 200 грамм айран, 50 грамм мейіз және өз қалауыңызша тұз қосылады. Қажет болған жағдайда сұйық құртты араластыруға болады.

Бұдан бөлек Петропавлға тоқталсақ, бұл қалада жылқы етінің келісі орта есеппен - 2000 теңге, сиыр етінің келісі 1600 теңге тұрады. Солтүстік Қазақстан облысында көжеге көбіне құрт (1 кг - 1000 теңге), тары («Гудвилл» 800 гр - 472 теңге), арпа жармасы («Гудвилл» 600 гр - 191 теңге), жүгері (1 кг - 200 теңге), айран (230 теңге) қосылады.

Бұған дейін жазғанымыздай, солтүстікқазақстандық әжелер наурыз көже әзірлеудің сырымен бөліскен болатын.

Атырауда Наурыз көже құрамындағы сүттің литрі - 250 теңге, құйрық майы - 1500 теңге, сүр ет - 1600 теңге, тары - 400 теңге, мейіз - 1200 теңге сомасында.

Ақтаудағы рецепті бойынша сиыр еті (1 кг - 1800 теңге), айран (350 теңге), қарақұмық (1 кг - 250 теңге), күріш (1 кг - 220 теңге), жүгері (1 кг - 300 теңге) қосылады.

Тараз базарларында жылқы етінің келісі орта есеппен 1600-1700 теңге, сиыр етінің келісі 1400-1450 теңге шамасында. Сондай-ақ ұлттық тағамға қосылатан құрттың келісі - 1000 теңге; тарының келісі - 190-200 теңге; арпа жармасының келісі - 140-150 теңге; жүгері жармасының келісі - 780-800 теңге; айран - 240-245 теңге; жасымықтың келісі - 350-400 теңге; бұршақтың келісі - 180-200 теңге.

Алматылықтардың есептеу бойынша Наурыз көжеге бір отбасы шамамен 10 мың теңге жұмсайды екен. Қалада сүрленген ет, қазы бағасы 3000 теңгеден жоғары. Тарының келісі 800-1300 теңге; бидай мен арпа келісі - 200 теңге; қатық, құрт келісі - 800-1000 теңгені құрады.

Астана қаласы базарында күріштің келісі 320 теңге; тарының келісі - 350 теңге; жүгерінің келісі - 500 теңге; бидайдың келісі - 400; құрттық келісі - 2000 теңге шамасында шықты. Жылқының еті 1900 теңге болса, сүр еттің бағасы 4 мың теңгеден асады.

Сонымен қатар Өскемен тұрғыны Қатира Аренова Наурыз көжені дайындау тәжірибесімен бөлісті. Ол 10 литрлік ыдысқа су құйып, 2,5 келі етті салып қайнататынын, оған жарты келі арпа, кеспе, 300 грамм май мен бір литр айран қосатынын атап өтті. Сонымен қатар мейіз салса да артық етпейтінін жеткізді.

Қалада жылқы етінің келісі 1 700 теңгені, жарты келі арпа - 140 теңгені, кеспе - 240 теңгені, 1 литр айран - 345 теңгені, күріштің келісі - 370 теңгені, құрттың келісі 1800 теңгені құрады.

Жоғары қарай