Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімі басталды

2019 жылдың 12 маусым 2019 10:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада жаңадан сайланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді шамалы уақыттан соң Президент кортежі ұлықтау рәсімі өтетін Тәуелсіздік сарайына қарай бет алады.

Салтанатты рәсім залына ҚР Мемлекеттік туы, ҚР Президентінің штандарты әкелінді.

Қ. Тоқаевты ұлықтау рәсіміне Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтар қатысуда.

Ұлықтау рәсімі барысында Орталық сайлау комиссиясы жаңа сайланған Президентке Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырады. Сонымен қатар, Президент рәсім барысында Қазақстан халқына ант береді. Ал ант берген сәттен бастап жаңадан сайланған Президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады.

Заңға сәйкес, Республика Президентi Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып тұрып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», - деп халыққа ант береді.

Еске сала кетейік, ҚР Орталық сайлау комиссиясының шығарған қорытындысына сәйкес, 9 маусымдағы кезектен тыс президент сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,96 процент дауысын (сайлаушылардың 6 539 715 дауысы) алып, жеңіске жеткен болатын. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің ант беру күнін 12 маусымға белгілеу туралы арнайы қаулы қабылдады.

Жоғары қарай