Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 327.42
EUR 383.51
RUB 5.29
CNY 51.26

Үстірттің қазақстандық бөлігінде сирек кездесетін жануарлардың бары дәлелденді

2018 жылдың 14 мамыр 2018 00:40 934

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) екінші экспедициясы Орталық Азия шөлдері жөніндегі бастама (ОАШБ) жобасы бойынша Үстірттің Қазақстандағы оңтүстік бөлігіне барып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚБСҚ сайтының хабарлауынша, бұл жолы зерттеушілер тобы Түрікменстан мен Өзбекстан шекарасына жақын аумаққа барып, бұған дейін жетуге мүмкіншілік болмаған Қапланқыр шоқыларын аралап келді.

«Үстірт» заставасының шекарашыларымен кездесу есте қалды. Олар бізді сарбаздар асханасынан дәмді тағамға тойдырды. Сондай-ақ, итаюды көргендерін (балборсық деп те айтылады) және шекарадағы сегіз қатар тор қоршаудың жабайы ашатұяқты аңдардың өтуіне кедергі келтіретіні жөнінде әңгімелеп берді.

Олардың айтуынша, застава бақылайтын аумақта карст шыңырауы кездеседі. Біз ол жөнінде бұрын білмеген едік», - дейді жобаның үйлестірушісі Владимир Терентьев.



Экспедицияның басты олжасы - Қапланқырда үстірттік уриал (қой тектес жабайы аң - авт) популяциясы мекендейтініне және Оңтүстік Үстіртте қарақұйрықтың үлкен үйірлері бар екендігіне көз жеткізді. Бұл мекен осы аңдардың тіршілік етуі үшін барынша маңызды әрі қажетті, сондықтан айрықша қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі (АҚТА) берілуі керек. Өйткені, Үстірт мемлекеттік қорығының шекарасына жақын Қансу мен Самтыр кен орындарын игеру жоспарларына байланысты бұл барынша өзекті мәселе. Оңтүстік Үстіртте итаюдың бар екендігінің бір дәлелі ретінде оның қорегі саналатын тасбақаның бос қабығының өте көп кездесуін айтуға болады. Экспедиция бір күнде осындай қабықтың 100-ін санап шықты.



Ғалымдар итаюды кездестіре алмады, алайда герпетологиялық жаңалық ретінде айтатын болсақ, қабықмаңдайлы әбжылан және екі өте үлкен сармат сұржыланы (155 см) кездесті. Орнитологиялық бақылауда тазқара, бүркіт пен үкі байқалды.



Флористика мен геоботаникалық зерттеуде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктердің жаңа популяциясы табылды. Ботаникалық өсімдіктер қатарында тікенексіз бабажапырақ және құмыра сүттігенді атауға болады. Шоқыда Шығыс Каспий жағалауының эндемигі - көпсабақты андыз байқалды.

«Жалпы алғанда, көп аумаққа адам аяғы тимеген, Үстірт өңіріне тән тұмса табиғи қалпын сақтаған. Кейбір өсімдіктер осы жақтан басқа жерлерде кездеспейді. Біз экспедиция барысында жиналған мәліметтер Оңтүстік Үстіртте айрықша қорғалатын табиғи аумақ құру үшін ғылыми негіз болар деп үміттенеміз. Ең оңтайлысы трансшекаралық қорғалатын аумақ болуы керек», - дейді Владимир Терентьев.



Экспедиция құрамына Жасқайрат Нұрмұхамбетов (орнитолог), Владимир Терентьев (эколог), Орынбек Мұханов (жүргізуші), Рустем Қарабалаев (жүргізуші) және Ресей Федерациясының мамандары биология ғылымдарының кандидаты Марк Пестов (герпетолог), биология ғылымдарының докторы Алексей Лактионов (ботаник) болды.

Жоғары қарай