Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 1 қыркүйек 2019 14:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат агенттігі жаздың соңғы аптасындағы басты кадрлық тағайындауларға шолу ұсынады.

Апта басында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Түркістан облысы Отырар ауданының әкімі болып Әбдіғали Айтжанұлы Жүнісов тағайындалды.

Әбдіғали Айтжанұлы 1959 жылы 15 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданы Шәуілдір ауылында туған, білімі жоғары. Еңбек жолын 1976 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданы тұтынушылар одағы құрылыс бригадасының сыршы-сылақшысы болып бастаған. 1977 – 2005 жылдары аралығында Қызылқұм ауданы «Госкомсельхозтехника» МТЖ базасының жұмысшысы, инженер-технологы, аудандық комсомол комитетінің сектор меңгерушісі, облыстық Тұтынушылар одағының Қызылқұм автокөлік кәсіпорнының директоры, «Оңтүстік орманы» ЖШС Отырар ауданындағы филиалының директоры қызметтерін атқарған. 2014 жылдың қараша айынан бастап Түркістан облысы Отырар ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек еткен.

Облыстың Сарыағаш ауданына да жаңа әкім келді. Бұл қызметті Отаршиев Мұхит Баймұханбетұлы атқаратын болды.

Ол 2010 - 2012 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Балқаш-Алакөл экология департаменті бастығының орынбасары, Жайық-Каспий экология департаментінің бастығы қызметтерін атқарды. 2012 - 2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болды. 2018 жылдың шілде айынан бастап Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымында еңбек етті.

Бұдан бөлек, Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен облыс әкімінің орынбасары болып Қалқаманов Сәкен Амангелдіұлы тағайындалды.

Қалқаманов Сәкен Амангелдіұлы 1980 жылы 30 қаңтарда Павлодар қаласында дүниеге келген. Білімі - жоғары. 2002 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «шетел тілін білетін журналист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы «Қазақстанның телеарна және радиосы» Республикалық корпорациясында бастаған. 2000 жылдардан бастап « Қазақстанның телеарна және радиосы» Республикалық корпорациясында түрлі лауазымдарда істеген. 2002 жылы «Астана» телеарнасында қызмет атқарып, 2005 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» барлау-өндіру » АҚ ақпарат тық -талдау орталығының баспасөз қызметінде; 2008 жылдан бастап «ҚазАгро Ұлттық б асқарушы х олдингі» АҚ баспасөз қызметінің хатшысы; 2011 жылдан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қоғаммен байланыс басқармасының басшысы; 2016 - 2018 жыл дар аралығында түрлі жеке компанияларда және «КазАгроМаркетинг» ЖШС-н ы ң басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі болған. 2019 жылдан бастап, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2015 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Сол секілді ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымына Ұлан Тәжібаев тағайындалды.

Ұлан Қалмұханұлы 1977 жылы 14 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі - жоғары. 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетін «халықаралық құқық», 2007 жылы «Парасат» қазақ көпсалалы институтын «экономика», Мадрид қаласындағы «Instituto de Empresa» халықаралық бизнес-мектебін «Executive MBA» (бизнес кәсібиді оқыту бағдарламасы) мамандықтары бойынша бітіріп шыққан. Еңбек жолын 1996 жылы елордада «Эльмора» ЖШС-ның заң кеңесшісі болып бастаған. 2000 жылдардан «Самұрық Қазына» АҚ-ның аппарат басшысы, «Самұрық Қазына» АҚ-ның Адами ресурстарды басқару басқармасының басқарушы директоры – Басқарма мүшесі қызметтерін атқарған. 2018-2019 жылдары «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып қызмет еткен.

Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының хатшысы қызметіне Ғабидолла Оспанқұлов келді. Бұл жайында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Twitter-дегі парақшасында жазды.

«Партия Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың келісімімен Ғабидолла Оспанқұлов «Nur Otan»-ның хатшысы болып тағайындалды. Партияны қайта жандандыру аясында оның білімі мен мол тәжірибесі «Nur Otan»-ның идеологиялық саясатын күшейтіп, жастармен жұмысқа тың серпін береді деп сенемін», - деді ол.

Ал партия аппаратының басшысы қызметіне Әнуар Өскенбаев тағайындалды.

«Әнуар Өскенбаев партия орталық аппаратының басшысы болып тағайындалды. Ол әр жылдары Есеп комитетінде жұмыс істеп, партияның Аудит қызметін басқарды. Аймақтық тәжірибесі де мол. Оның Елбасының қайта жандандыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға үлкен үлес қосатынына сенімдімін», - деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Twitter-де.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Елшісі болып Қайрат Айтмұхамбетұлы Нұрпейісов тағайындалды.

Қайрат Айтмұхамбетұлы 1957 жылғы 21 қыркүйекте Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы Галкино ауылында дүниеге келді. Павлодар педагогикалық институты мен Алматы Халық шаруашылығы институтын «математик» және «экономист» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Павлодар стансасының локомотив депосында слесарь болып бастаған. 1982-1988 жылдары Павлодар облысының қаржы және салық органдарында жұмыс істеп, бас экономистен Павлодар облысының салық комитетінің төрағасына дейін көтерілді. 1998-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, ҚР Мемлекеттік Кіріс вице-министрі қызметтерін атқарды. 2003 жылдан бастап Павлодар қаласының әкімі болды. 2008 жылдың қазанынан Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2009 жылдың тамызынан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы. 2012-2013 жылдары ҚР Парламенті Сенатының аппарат басшысы. 2013 жылғы қыркүйек айынан бастап соңғы тағайындалуға дейін ҚР Парламентіндегі ҚР Президенті өкілдігінің басшысы болды. «Құрмет» орденінің және бірнеше медальдың иегері.

Ал Раушан Жаңабергенқызы Қажыбаева Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің бас директоры болып тағайындалды.

«Бұған дейін Раушан Қажыбаева ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Парламент Сенаты төрағасының кеңесшісі, ҚР Парламент Сенаты баспасөз қызметінің жетекшісі, ҚР Премьер-Министрі баспасөз қызметінің басшысы, баспасөз хатшысы, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ қоғаммен байланыс департаментінің директоры болып қызмет атқарды. Сондай-ақ республикалық «КТК» және «Қазақстан» телеарналарында жұмыс істеген», - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.

Түркістан облысымен қатар кадрлық ауыс-түйіс өзге өңірлерде де болды. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының бұрынғы әкімі Бекбол Сағын облыстық Қаржы департаментіне басшы болып келді.

Бекбол Сағын 1972 жылы туған. Жоғары білімді. Алматы халық шаруашылығы институтында, Қазақ гуманитарлық-заң университетінде, Қазақ инженерлік-техникалық академиясында білім алған. Еңбек жолын 1993 жылы Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің басқармасында аға, бас бақылаушы-тексеруші болып бастаған. Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы болып қызмет етті. Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, Астана қаласының қаржы басқармасының басшысы, Ақтөбе қаласының әкімі, Астана қаласының «Алматы» ауданының әкімі қызметінде болған.

Сол секілді Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасына бұдан былай Әнуар Сағымбаев жетекшілік ететін болды. Әнуар Әлімжанұлы 1972 жылы туған, білімі жоғары, «емдеу ісі» және «кәсіпорындағы экономика және басқару» мамандықтары бойынша білім алған. 1995 жылдан бері медицина саласында үздіксіз қызмет атқарып келеді. Басшы лауазымындағы тәжірибесі де жеткілікті. Медицина ғылымдарының кандидаты. Денсаулық сақтау саласының үздігі.

Сонымен қатар, Әлтайыр Уызбаев ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Әлтайыр Құдайбергенұлы Уызбаев 1976 жылы 5 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1997 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2010 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1994 жылы Қарағанды қаласында Қолданбалы математика институтының зертханашысы болып бастаған. Түрлі жылдары «Қазпошта» ААҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Зерде» ҰАХ» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Астана innovations» АҚ, сондай-ақ коммерциялық секторда қызмет істеген. 2004–2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің құрылымында бас сарапшыдан бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымына дейін еңбек етті.

Павлодар облысы әкімдігінде үш басқарма басшысы таныстырылды. Атап айтқанда, Бауыржан Қапенов ақпарат және қоғамдық даму басқармасын, Ернұр Дәуенов мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасын, Аслан Урманов мемлекеттік сатып алу басқармасын басқаратын болды.

Облыстық басқармалармен бірге Павлодар өңіріндегі Екібастұз қаласының әкімі болып Ержан Иманзайыпов тағайындалды. Шаһардың жаңа басшысын қала активіне Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов таныстырды.

«Екібастұзда индустриялық аймақ құру мәселесін бақылауға алу қажет. Оның бірге, жаңа аймақты құруға қажетті электр желісі мен стансаның құрылысы туралы шешім де қабылданып үлгерді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдері арқылы инвестициялар тартуға баса назар аудару қажет. Соңғы үш жылдың ішінде Екібастұздың дамуына жоғарыда тұрған бюджеттерден қомақты қаражат бөлінді. 2017 жылы бұл сома 4,7 миллиард теңгені құраса, 2018 жылы - 9,9 миллиард теңге, 2019 жылы – 13 миллиард теңге бөлінді. Екібастұзға бұрын-соңды мұндай ауқымды қаржы бөлінбеген еді. Сондықтан да, инвестициялар көлемі де арта түсуі тиіс» - деді Б.Бақауов жаңа әкімге қарата.

Ал осы уақытқа дейін Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарған Наурызбай Байқадамов Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Н. Байқадамов 1967 жылы туған. Н. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген, тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің академиялық доценті. Еңбек жолын 1991 жылы Сырдария ауданындағы №139 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. 1994-2003 жылдары – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі. 2003-2008 жылдары – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанындағы колледж директоры, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры, Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

ҚР Сыртқы істер министрлігінде Рустам Маратұлы Исатаев Инвестициялар комитетінің төрағасы болды. Рустам Исатаев 1986 жылы туған. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Дарэм университетін (Ұлыбритания) экономика мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бастаған. 2009-2012 жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, келесі екі жылда Президент Әкімшілігінің сыртқы саясат орталығының консультанты болып қызмет еткен. 2014-2018 жылдары Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді. Ол Астана әкімдігінің, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, сондай-ақ «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның қызметіне жетекшілік етті. ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ бсқарма төрағасының орынбасары болды.

Ал дәстүрлі әнші Ақан Әбдуәлиев Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалды.

Ақан Жылқышыбайұлы Әбдуәлиев 1975 жылы туған. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын және Алматы экономика және статистика академиясын бітірген.

Еңбек жолын Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жеке орындаушысы болып бастаған. Әр жылдары «Қазақконцерт» РМҚК-да аспапта жеке орындаушы, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі мен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, А.Жұбанов атындағы республикалық мектеп интернаты директорының орынбасары, директоры, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры лауазымдарын атқарған. 2016 жылдың маусым айынан - Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы, 2018 жылдан бастап – Алматы облысы әкімінің орынбасары болған.

ҚР Қаржы министрлігінің бұйрығымен Айдын Ашуев ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің төрағасы қызметіне келді.

Айдын Жұмабекұлы 1976 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қаржы академиясын бітірген. Еңбек жолын 1995 жылы бастаған. Түрлі жылдары коммерциялық секторда, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ, «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМҚК, «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ, «ҚазАгроГарант» АҚ, ҚР Статистика агенттігінде жұмыс істеді, «Ақпараттық есептеу орталығы» РМК басқарды. 2019 жылдың қаңтарынан қазірге дейін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алулар комитетінің төрағасы болып қызмет етті.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Шолпан Таңатқызы Каринова ҚР Білім және ғылым вице-министрі лауазымына тағайындалды.

Шолпан Каринова 1972 жылы дүниеге келген. 1994 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын «қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша, 2016 жылы Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде (Ресей) «педагогикалық білім» бағыты бойынша магистратураны тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы ауыл мектебінің мұғалімі болып бастаған, колледж оқытушысы, мектеп директоры қызметтерін атқарған. 2005–2008 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының білім бөлімінің басшысы. 2009–2012 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысының Білім басқармасы басшысының орынбасары. 2012 жылғы мамырда Петропавл қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2013 жылғы шілде мен 2017 жыл аралығында — Солтүстік Қазақстан облысының Білім басқармасының басшысы. 2017–2018 жылдары — ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры болып қызмет атқарған. 2018 жылғы қазаннан бастап қазіргі таңға дейін «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары қызметін атқарды.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай